Жемқорлыққа қарсы күрес жоғары бағаға ие болды
Әділдік жолы» қоғамдық бірлестігінің атқарушы директоры Дидар Смағұлов АҚШ-тың мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкеннің қолынан халықаралық сыйлыққа ие болды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Мен сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл саласындағы жетістік үшін АҚШ мемлекеттік департаменті беретін жоғары халықаралық марапаттың 10 үміткерінің бірі атандым. Оны мемлекеттік хатшы Энтони Блинкен тапсырды. Қазақстанда сыбайлас жемқорлық деңгейін төмендету бойынша тиімді жүйелі реформалардың енгені, сондай-ақ сыбайлас жемқорлыққа тап болған тұлғаларды жауапкершілікке тарту жөніндегі жұмыс үшін марапатталғаныма ерекше қуаныштымын. Менің ойымша, бұл ұжымдық сыйақы, себебі нәтижелердің артында «Әділдік жолы» командасының орасан жұмысы тұр», - деп жазды ол.
Дидар Смағұлов осы жолда қолдау көрсеткен отбасына, достарына алғыс білдірді.
«Марапаттаудан кейін Қазақстанның АҚШ-тағы елшісінің қабылдауында болдым. Біздің ел жүргізіп жатқан жемқорлыққа қарсы күрес осындай жоғары марапатқа ие болып жатқаны қуантады», - деп жазды ол.