Қарағандыда есірткі саудасымен айналысқан күдіктілер ұсталды
Жедел әрекеттер барысында 7,6 келі гашиш тәркіленді
Қарағанды қаласында есірткі саудасын ұйымдастырды деген күдікпен екі тұрғын ұсталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.
Қараша айының соңында полиция мен прокуратураның бірлескен жедел-іздестіру шараларының нәтижесінде 41 және 53 жастағы азаматтар құрықталды. Тергеу барысында олардың қала аумағында есірткі сатуды ұйымдастырғаны анықталды.
«Жедел әрекеттер барысында 7,6 келі гашиш тәркіленді. Сараптама нәтижесі бұл заттың есірткі екенін растады. Қазіргі таңда күдіктілер уақытша ұстау изоляторына қамалды. Оларға қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 297-бабы 3-тармағы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Бұл бап бойынша 10 жылдан 20 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған», - делінген хабарламада.
Полиция басқармасы есірткі заттарын тарату ауыр қылмыс санатына жататынын және мұндай әрекеттерге қатаң жаза қолданылатынын еске салды.
2024 жылдың басынан бері Қарағанды облысында есірткі заттарын тарату мен граффити арқылы жарнамалаудың бес дерегі анықталды. Сондай-ақ, облыста ірі көлемдегі есірткі зертханасы жойылып, 1 тоннадан астам прекурсор мен 10 келіден астам дайын есірткі тәркіленді.