Алматы-Ташкент тасжолында жолаушылар автобусы бұзылып, 41 адам эвакуацияланды

Автор: Мақсат Әсел

Көмек көрсетілген азаматтардың басым бөлігі Ресей азаматтары екені анықталды

Фото: ТЖМ

Түнде Алматы-Ташкент тасжолында жолаушылар автобусы бұзылып, Жамбыл облысы Жуалы ауданында тоқтап қалды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy ТЖМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Оқиға орнына Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері жедел жетіп, автобус ішіндегі 41 жолаушыны, оның ішінде 2 баланы жақын маңдағы Шақпақ ата ауылындағы жылыту пунктіне эвакуациялады.

«Көмек көрсетілген азаматтардың басым бөлігі Ресей азаматтары екені анықталды. Құтқарылған жолаушылар басқа автобуспен сапарларын жалғастырды. Зардап шеккендер мен медициналық көмекке мұқтаж адамдар тіркелген жоқ», - делінген хабарламада.

Төтенше жағдайлар министрлігі ауа райының қолайсыз кезеңінде сапарға шығар алдында көлік техникалық жағдайын тексеріп, қауіпсіздік шараларын сақтауға кеңес береді.