Уран тапшылығы, жаһандық жылыну және медицинаны дамыту: атомды бейбіт мақсатта қолданудың жолдары қандай
Өзбекстанда бұл мәселе кеңінен талқыланды
Самарқанд қаласында «Ислам ытымақтастығы ұйымына мүше мемлекеттердің тұрақты дамуында атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалану әлеуеті: халықаралық және ұлттық тәжірибе» атты халықаралық конференциясы өтті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Өзбекстан атом энергетикасын бейбіт мақсатта қолдануға, ғылымның тұрақты дамуына, атом технологияларын қауіпсіз пайдалануға және білікті мамандар даярлауға баса назар аудара отырып, өзінің ұлттық атом саласын құрып жатыр. 2030 жылға қарай Өзбекстан ұлттық атом инфрақұрылымын құру арқылы елді сенімді, үнемді және экологиялық таза электр энергиясымен қамтамасыз етуге ниетті.
Елдің басымдықтарының бірі – қуаты аз АЭС салу, бұл ұлттық құзыреттілікті едәуір арттырып, Өзбекстанның атом саласындағы халықаралық имиджін нығайтады. Бұл тұрғыда техникалық көмек көрсетуді, нормативтік базаны дамытуды және Қауіпсіздікті бағалауды қоса алғанда, МАГАТЭ-нің қолдауы ерекше маңызға ие. Конференцияның мақсаты – атом энергиясын бейбіт мақсатта дамыту мен пайдаланудың өзекті мәселелерін, соның ішінде заңнамалық және институционалдық реттеуді, әртүрлі салаларда ядролық технологиялардың қауіпсіздігі мен пайдаланылуын талқылау.
Конференцияға ИЫҰ, орталық және Оңтүстік Азия, Ресей, Таяу Шығыс, ЕО, АҚШ, МАГАТЭ, Дүниежүзілік ядролық қауымдастық (WNA) және басқа да халықаралық ұйымдардың сарапшылар қауымдастығының өкілдері қатысты.
МАГАТЭ және Орталық Азия елдері
МАГАТЭ-нің бас директоры Рафаэль Мариано Гросси атап өткендей, қазір бүкіл әлем елдері көміртегін азайту үшін күш біріктіретін сәт туып отыр.
«Біз осы жолмен алға ілгерлеп, жаңа энергетика қалыптастырамыз. Бұл бір жағынан экономикалық өсуді қамтамасыз етуге, екінші жағынан экономиканы қорғауға мүмкіндік береді. Атом энергетикасына көшу кезінде жоғары қауіпсіздік стандарттарын сақтау қажет. Энергетикалық мәселелерді шешуде қоршаған ортаны қорғау және жаһандық климаттық жылынумен күресу сияқты аспектілерді ескеру қажет. Біз бұл жұмыста жаһандық консенсус қалыптасып жатқанын көріп отырмыз», - дейді Мариано Гросси.
Оның айтуынша, қазір Солтүстік және Оңтүстік Америка елдері, Еуропа елдері, Парсы шығанағы мен Азия елдері атом электр энергиясын қолданысқа енгізіп жатыр.
«Мен басқаратын МАГАТЭ-де үлкен жауапкершілік бар. МАГАТЭ бейбіт мақсатта атом энергетикасын дамытудың асыл идеясының айналасында құрылды. Бұл ой 1957 жылы ұйым құрылған кезде пайда болды. Біздің ұйым саяси кереғарларға қарамастан, ортақ мақсатқа жету үшін қатысушы мемлекеттер жұмыс істейтін бірыңғай орталық ретінде әрекет етуі керек. Сондықтан мен атом энергетикасы алға жылжуға, экономиканы дамытуға мүмкіндік беретінін атап өткім келеді. Өмір сапасын жақсарту - міне, біз атом энергетикасы қоршаған ортаны қорғауға, денсаулық сақтауды дамытуға қалай мүмкіндік беретінін көрдік. Халықтың түрлі санаттары үшін азық-түліктің қолжетімділігін арттыру қажет. Өзбекстан республикасының үкіметіне атом энергиясын, оның ішінде ислам ынтымақтастық ұйымы аясында қолданудың ықтимал нұсқалары туралы осы халықаралық конференцияны ұйымдастырғаны үшін алғыс айтамын. Атом технологиялары бар, бірақ қазір ғана біз осы саланы дамытуда жаңа тарауды ашып отырмыз», - дейді МАГАТЭ басшысы.
Оның айтуынша, атом саласындағы ғылыми зерттеулер Өзбекстанда да болған, бірақ қазір ғана Өзбекстан атом энергетикасына көшіп жатыр.
«Шағын модульдік реакторлар есебінен болашақта да ауқымды атом-энергетикалық қондырғылар салынады. Өзбекстан президентпен әңгімелесу барысында МАГАТЭ Өзбекстанның осы бағыттағы күш-жігерін қолдайтынын атап өттім. Яғни, біз заңнамаға қажетті өзгерістерді әзірлеу кезінде қолдау көрсетеміз. Біз елдің атом бағдарламасын табысты іске асыруды қамтамасыз ететін жұмыс тобын ұйымдастыру арқылы қолдау көрсетуге дайынбыз. МАГАТЭ күш-жігерін тек Өзбекстан деңгейінде ғана емес, Орталық Азия деңгейінде де ілгерілетеміз. Біз өзіміз үшін атом энергиясын алғысы келетін және болашақта, әрине, ол ұсынатын барлық мүмкіндіктерді ашқысы келетін барлық елдерді қолдаймыз. Енді жаңа мүмкіндіктер сәті келеді. Біз үшін жаңа есіктер ашылып жатыр», - дейді МАГАТЭ басшысы.
«Росатом» не дейді?
«Росатом» мемлекеттік корпорациясы бас директорының орынбасары Татьяна Терентьева компанияның тәжірибесін айтып берді.
«Мен үшін Росатомның тәжірибесін айтып, халықаралық ұйымдармен ынтымақтастықтан қандай тұжырымдар жасай алатынын көрсету зор мәртебе. Халықаралық ұйымдармен ынтымақтастық туралы тікелей әңгімеге кіріспес бұрын, мен бір қадам артқа шегініп, бәрі неден басталатынын, яғни белгілі бір халықаралық ұйыммен ынтымақтастықты бастау стратегиясы қалай жасалатынын айтқым келеді. Мұндай шешім қабылдау үшін үш негізгі сұраққа жауап беру керек. Біріншіден, қандай елдің тәжірибесі бар екенін ескеру керек. Мысал ретінде Қазақстан немесе Өзбекстанды таңдауға болады. Яғни, атом энергетикасы жоқ, бірақ бұл елдерде ядролық циклдің, ядролық цикл материалдарының, реактордың әрекетінің жеткілікті бай тәжірибесі бар», - дейді Терентьева.
Оның айтуынша, Біріккен Араб Әмірліктері ядролық клубқа дайын базасыз кіру туралы шешім қабылдаған.
«Олардың ядролық циклі жоқ, зерттеу реакторлары жоқ, ірі ауқымды жобаларда да тәжірибесіз. Дәлірек айтсақ, бұрын болған жоқ, қазір оны қолға алды. Мұндай ынтымақтастықтың мақсаты қандай? Оны нақты анықтау керек. Көп жағдайда ядролық қуаттың болуы маңызды. Бірақ бұдан басқа тағы не бар? Мысалы, изотоптар өнеркәсіпте немесе медицинада қолданылады. Реактордың көмегімен суды немесе топырақты тазартуға болады. Әлемдік деңгейде бірқатар ұйымдар жұмыс істейді. Белгілі бір инфрақұрылым бар және олар өте алуан түрлі. МАГАТЭ жұмысына түсініктеме берудің қажеті жоқ. Бұдан кейін Дүниежүзілік АЭС операторлар қауымдастығы келеді. Мұнда да бәрі анық және түсінікті. Атом объектілерін қауіпсіз пайдалану және салу стандарттары берілген. Дүниежүзілік ядролық қауымдастық өте жақсы базаға ие, ядролық бағдарламасы бар түрлі мемлекеттердің өзара іс-қимылының тамаша халықаралық платформасы. Әрі қарай ұлттық немесе аймақтық деңгейде жұмыс істейтін басқа ұйымдар бар», - дейді ол.
Уран тапшылығы және оны көбейтудің жолдары
Конференцияға қатысқан Орталық Азиядағы New Nuclear Watch Institute консультативтік кеңесінің төпрағасы Бауыржан Ибраев әлемдегі уран қорының тапшылығы жайлы айтып берді.
«Егер біз 2050 жылға қарай атом генерациясын үш есе арттырамыз десек, 2030 жылға қарай шамамен 200 мың тонна уран тұтынуымыз керек. Ал қазір әлем 70 мың тонна уран тұтынып отыр. Егер генерацияны үш есе көбейтсек, онда біз шамамен 200 мың тонна уран өндіреміз. Бірақ бүгінде әлем 50 мың тоннадан артық уран өндірмейтінін түсіну керек. Бүгінде әлемде пайдаланып жатқан барлық уран кен орындарының сарқылуы әбден мүмкін. Жақсы бағаға жаңа уран кен орындары бүгінде әлемде жоқ. Егер біз тау-кен жұмыстарының басқа дәрежелеріне, шахта түріне немесе карьерге барғымыз келсе, онда экологиялық мәселелерде үлкен проблемалар болатынын түсінуіміз керек», - дейді ол.
Оның айтуынша, жасанды интеллект пен мәліметтер базасы өте күшті дамиды және үлкен генерация, атомдық генерация қажеттілігі арта түсуі мүмкін.
«Бұл бір ғана мысал. «Амазон» және сол сияқты ірі компаниялар бүгінде қызығушылық танытып, атом станцияларын сатып алып жатыр. Уранның жетіспеушілігін қандай да бір жолмен жабу үшін адамдар, компаниялар түрлі амалдарға жүгінеді. Міне, бұл америкалық компания үлкен каньонда уран өндіреді, ал олардың өндіру көлемі 200 тоннадан аспайды, бұл әлемдегі уранның тапшылық мәселесін шешпейді», - деп проблеманы көтерді Ибраев.
Ол «Қазатомөнеркәсіп» компаниясы 2025-2026 жылдары шартты түрде 28-30 мың тонна уран өндіретінін айтты.
«Бірақ бұған қол жеткізу екіталай және оның көптеген себебі бар. Неге бұлай сенімді сөйлеп отыр дейсіздер ғой!? Себебі Мен өзім «Қазатомөнеркәсіпте» жұмыс істедім. «Қазатомөнеркәсіп» бүгінде жылына әлемдік уранның 40% - дан астамын өндіреді. Мен Қазақстанда табиғи уран өндіруге, ядролық-отын цикліне жауапты болдым. Белгілеген жақын кезеңге арналған Қазақстан өнеркәсібінің болжамдарының жүзеге асырылуы екіталай. Сондықтан, алдағы жылдары уранның өндірілуіне назар аудару қиын болады деп айта аламын. Уран соңғы үш жылда бағасы бес есе қымбаттаған жалғыз металл болды. Бағасы бес рет өсті. Бүгінгі таңда табиғи уранның 1 келісінің бағасы шамамен 200 доллар. Өсіп келе жатқан атом генерациясы аясында үлкен тапшылық болады. Естеріңізде болса, Қазатоөнеркәсіп 2025 жылы Байқоңыр қаласында өндірісті ұлғайту үшін өзінің күкірт қышқылы зауытын іске қосуға уәде берді. Бірақ, 2025 жылы іске қосылатын болса да, құрылыс әлі басталған жоқ», - дейді Бауыржан Ибраев.
Өзбекстан тәжірибесі
Атом энергетикасын дамыту агенттігі атом электр станциясының құрылысы дирекциясының директоры (Узатом) Отабек Аманов электр энергиясының көздерін әртараптандырмаса, электрдің бір көзіне тәуелділік артады.
«Атом электр энергиясын әртараптандыру мен энергетикалық қауіпсіздік мәселесі бар. Әлемде болып жатқан жағдайлар энергетикалық қауіпсіздіктің маңызы зор екенін көрсетті. Осы мәселелерді көтеріп, халықаралық сарапшылармен талқылау және атом энергетикасын бейбіт қолдануды насихатау осы іс-шараның негізіне айналды. МАГАТЭ, Росатом және біздің елдегі «Узатом» бұл мәселелерді ашық талқылап жатыр», - дейді Аманов.
Халықаралық конференция аясында атом энергетикасы саласындағы халықаралық ынтымақтастықты нығайтуға ықпал ететін маңызды стратегиялық құжаттарға қол қойылды.
Халықаралық конференция аясында мына құжаттарға қол қойылды:
- Өзбекстанның министрлер кабинеті жанындағы атом энергиясы агенттігі мен атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттік арасындағы негіздемелік елдік бағдарламаға толықтырулар;
- Өзбекстанның министрлер кабинеті жанындағы атом энергиясы агенттігі мен дүниежүзілік ядролық қауымдастық арасындағы өзара түсіністік туралы меморандум;
- Өзбекстан Республикасының министрлер кабинеті жанындағы атом энергиясы агенттігі жанындағы «АЭС құрылысы дирекциясы» МК мен China National Nuclear Corporation Overseas Ltd арасындағы ынтымақтастық туралы меморандум.
- Өзбекстан Республикасының министрлер кабинеті жанындағы Атом энергиясы агенттігі мен Өзбекстан Республикасы Ғылым академиясының ядролық физика институты арасындағы ынтымақтастық туралы меморандум;
- Өзбекстан Республикасының министрлер кабинеті жанындағы Атом энергиясы агенттігі мен ASSYSTEM ENGINEERING & OPERATION SERVICES арасындағы келісім;
- Ташкенттегі «МИФИ» Ұлттық ядролық зерттеу университеті» федералды мемлекеттік автономды жоғары білім беру мекемесінің филиалы мен цифрлық технологиялар мен жасанды интеллектті дамыту ғылыми-зерттеу институты арасындағы өзара түсіністік және ынтымақтастық туралы меморандум.