Бұған жылу трассасындағы апат себеп болды
Павлодар облысындағы «Балдаурен» балалар сауықтыру лагерінен 86 бала эвакуацияланды. Бұған жылу трассасындағы апат себеп болды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Қалалық білім беру бөлімінің мәліметінше, апат салдарынан лагерь ғимараттарында жылу беру тоқтап, бөлмелер салқындай бастаған.
«5 желтоқсан күні таңғы 5:30-да «Балдаурен» лагерінде жылу трассасындағы апат тіркелді. Бұл жағдай жүйедегі қысымның төмендеуіне алып келді. Барлық 86 бала Павлодар қаласына жеткізілді. Ата-аналарға пайдаланылмаған демалыс күндері үшін қаражат қайтарылады. Қазіргі уақытта мамандар жылу трассасын қалпына келтіру жұмыстарын жүргізіп жатыр. Барлық ақау жақын арада жойылады», – деді білім беру бөлімінің басшысы Қуаныш Қыдыралин.
Оқиғадан бір күн бұрын өңірдің балалар құқықтары жөніндегі уәкілі Сауле Шәкенева «Балдаурен» лагеріне күтпеген тексеріспен барған еді. Ол тексеріс ата-аналардан түскен шағымдарға байланысты жүргізілгенін айтты.
«Лагерьде дәрігер, бір тәлімгер және пән мұғалімінің орындары бос тұр. Маусым 2 желтоқсанда басталғанына қарамастан, балалар бірнеше күн бойы медициналық мамансыз болған. Бұл лагерьдің жақын маңдағы медициналық мекемелерден алшақтығын ескере отырып, ерекше алаңдаушылық тудырады», – деді Сауле Шәкенева.
Сонымен қатар ол лагерьдегі тұрмыстық жағдайлардың нашарлығына назар аударған.