Қазақстанда запастағы офицерлер мен сержанттарды даярлау ережелері өзгертіледі
Әскери оқу орындарына түсу толығымен цифрлық форматқа көшіріледі
Қазақстанда запастағы офицерлер мен сержанттарды әскери даярлау ережелеріне өзгерістер енгізілмек. Бұл туралы ҚР Қорғаныс министрлігінің Әскери білім және ғылым департаменті мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy
Министрлік басшысы әзірлеген жаңа бұйрық жобасына сәйкес, әскери оқу орындарына түсу, ауысу және қалпына келтіру процестері толығымен цифрлық форматқа көшіріледі.
«Өзгерістер нәтижесінде, азаматтар e-Gov порталы арқылы өтінім бере отырып, мемлекеттік қызметті жылдамырақ ала алады. Бұл пайдаланушылардың уақытын үнемдеп, қағазбастылықты жояды», — делінген хабарламада.
Жаңа нормативтік құқықтық акт «Білім туралы» ҚР Заңының 5-1-бабының 9) тармақшасына, «Мемлекеттік қызметтер туралы» ҚР Заңының 5-бабының 2-тармағының 11) тармақшасына және 2018 жылғы 31 қазандағы «Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарына қабылдау ережелерін бекіту туралы» ҚР Білім және ғылым министрінің бұйрығына сәйкес әзірленген.
Толық мәтінімен «Ашық НҚА» сайтынан 20 желтоқсанға дейін танысуға болады.