Астанада 7 млрд теңгеге криптовалюта сатқан екі адам сотталып кетті

Автор: Асыл Арман

Прокуратура заңсыз әрекетті анықтады

Фото: istockphoto.com

Астанада екі азамат 7 миллиард теңгеге криптовалютамен заңсыз операциялар жасағаны үшін сотталды. Бұл туралы елорда прокуратурасы мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Қадағалау органының деректері бойынша, сотталған адамдар шектеулерге қарамастан АХҚО алаңында тіркеусіз ірі сомаға айырбастау операцияларын жүзеге асырды.

Айырбастау бойынша жалпы заңсыз айналым 7 млрд теңгеден асты.

«Елорда прокуратурасы мемлекет мүддесі үшін сот шешімімен қанағаттандырылған талап арыз берді. Сотталғандардан мемлекет пайдасына 7 млрд теңге мөлшерінде заңсыз табыс сомасы өндірілді», - деді қадағалау органының баспасөз қызметі.

Прокуратура азаматтық сот ісін жүргізуде барлығы 7,9 млрд теңге сомаға 4 талап қоюға бастамашылық жасады, олар сот шешімдерімен қанағаттандырылды және жауапкерлерден келтірілген залал сомасы толық көлемде өндірілді.