Шымкенттік ұстаздар үздік шәкірт дайындап, миллионер бола алады

Автор: Azattyq Rýhy

Шымкент қаласының ішкі саясат және дін істері басқармасы мен «Qazaq Epos» қоғамдық қорының ұйымдастыруымен 6-10 сынып оқушылары арасында «Тұлпар мініп, ту алған» байқауы өтеді

Байқау аудандық және қалалық болып екі кезеңнен тұрады. Алғашқы аудандық кезең 28-31 қазан аралығында ұйымдастырылмақ. Қалалық кезең 6 қарашада өтеді деп жоспарланып отыр. Бірінші кезеңнің жүлде қоры 300 мың теңгені құрайды. Ал, екінші кезеңде үздік үштікке ілінетін оқушылар мен олардың ұстаздарын қомақты сыйақы күтіп тұр.

Мәселен, қалалық кезеңде 1 орын алған үміткерге 1 миллион берілсе, оны байқауға дайындаған ұстазы 2 миллион теңге сыйақы алады екен. Екінші орынды иемденген оқушы 600 мың теңге алса, оның мұғаліміне 1,2 млн теңге берілмек. Үздік үштікке енген шәкірт 300 мың теңгені қанағат тұтса, жетекшісіне 600 мың теңге табыс етіледі екен.

«Бұл байқауда оқушылар 132 беттен тұратын Марабай жырау нұсқасындағы «Қобыланды батыр» жырының жатқа айтып, жырдың ішіндегі көнерген, тарихи сөздердің мағынасын ашып, қазақ тілі мен әдебиеті оқулығы бойынша әзірленген сұрақтарға жауап береді, - дейді «Qazaq Epos» қоғамдық қорының Шымкент қаласы бойынша ұйыдастыру комитетінің жетекшісі Нұрлан Кенжебай.

Ал, басқарма басшысы Жанар Бектаева бұл жобаның көпшілік тарапынан қолдау тауып отырғанын айтты.

«Байқаудың негізгі мақсаты - өскелең ұрпақты халық поэзиясы, қазақ халқының асыл мұралары арқылы сүйіспеншілікке және патриотизмге тәрбиелеу. Ерлік пен елдіктің рухын көтеру. Қазақ әдебиеті мен тарихы арқылы көптеген көне сөздерді жаңғыртып, сол сөздерді қайтадан қолданысқа енгізу, тарихымыз бен салт-дәстүрімізді тану. Сол себептті, бұл жоба көпшілік тарапынан қолдау тауып отыр», - дейді Шымкент қаласының ішкі саясат және дін істері басқармасының басшысы Жанар Бектаева.

Бүгінге дейін Шымкент қаласынан 1094 оқушы, 610 мұғалім байқауға қатысуға ниет білдірген. Жоба Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» және «Ұлы даланың жеті қыры» мақалаларында қойылған міндеттерді іске асыру үшін жүзеге асуда.