$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
24.10.2019, 14:44
Жаңалықтар

Алматы облысында сотталғандарды азаптау деректері тексерілмей отыр - адвокат

Адвокат шағымданушылармен колонияда жеке-жеке кездесіп, түрме әкімшілігі тарапынан «кек алу операциясы» жүріп жатқанына көз жеткіздім деп мәлімдеді

Алматы облысында сотталғандарды азаптау деректері тексерілмей отыр - адвокат
Фото: ашық дереккөзден

Белгілі құқық қорғаушы Гүлнәр Жуасбаева Алматы облысы Заречный кентіндегі ЛА-155/14 түзету мекемесінде жазасын өтеп жатқан 20 адамның азапталып жатқанын айтып, дабыл қақты. Ол осы жылдың 23-24 сәуір күндері еңбекпен түзеу мекемесінде түрлі әдіспен қиналып, кейін осы туралы арызданған сотталушылардың өміріне қауіп төніп тұр, деп есептейді. Адвокат шағымданушылармен колонияда жеке-жеке кездесіп, түрме әкімшілігі тарапынан «кек алу операциясы» жүріп жатқанына көз жеткіздім деп мәлімдеді.  Бұл туралы «Azattyq Rýhy»  тілшісіне қорғаушы мен сотталғандардың туыстары айтып берді.   

«Мен кеше күні бойы ЛА 155 /14 түзету мекемесінде соталушылармен кездестім. Түрмеде биыл 23-24 сәуірде орын алған оқиғалар бойынша тергеу ісі жүрді. Бірақ тағайындалған арнайы прокурор да, тергеушілер де істі ойдағыдай тергеп жатпағанын мәлімдеймін. Себебі түрме қызметкерлерінің үстінен арыз түскен күннен бері 6 ай уақыт өтті. Қылмыстық іс қозғалғанымен, бірде – бір адам жұмысынан шеттетілмеген. Ал азаптаудың құрбандары қауіпсіз жерлерге көшірілмеген. Ұрып-соғу, қинау, бастарын унитазға тығу, тар жерде қамап ұстау түріндегі жазалау операциялары жүріп жатыр. Мұның бәрін баяндап, маған жазба түрінде сотталушылардың өздері қолыма тапсырды»,- дейді Гүлнәр Жуасбаева.

Жамбыл облысы Шу ауданының тұрғыны Асылбек Молдағасымов 7 жылға сотталып, 2017 жылдан бері Заречный кентіндегі ЛА 155/14 түзету мекемесінде  жазасын өтеп жатыр. Оның анасы Серікгүл Молдақасымованың айтуынша, сәуір айында соққыға жығылған 20 сотталушының біреуі оның ұлы болатын. Ол өзінің азапталып жатқанын айтып, туыстарына хабарлама  жолдапты. Алайда Шудан бірнеше рет арнайы келген әйел мамыр айында ғана адвокаттың көмегімен баласымен кездесуге мүмкіндік алған.

«Мен ауылда болатынмын. Қалада тұратын қыздарым Асылбектің қатты соққыдан комаға түсіп қалғанын айтып хабарласты. Ол шамамен сәуір айының аяғы еді. Мен түрмеге баламның жағдайын білу үшін бірнеше рет барғаныммен, кездесу мүмкін болмады. Тек бір ай дегенде көруге мүмкіндік берілді.  Ол  мүгедектік арбасында отыр екен. Содан бері 5 ай өтті. Әлі қайтадан көрген жоқпын. Ол қорғаушы Гүлнәр Жуасбаевамен кездесіп, хат беріп, өзін бұрынғыдай азаптап жатқанын айтыпты»,- дейді сотталушының анасы.

Фото: Серікгүл Молдақасымова

Жоғарыда айтылған деректерді биыл 18 қазанда осы колониядан босап шыққан Данияр Тағаев есімді азамат та растады. Ол 2017 жылы алаяқтық бабы бойынша сотталып, бір апта бұрын түрмеден босатылған.  Аталған түрмеден шыққан Бағдат Сейдахметов және Дулат Немелбаев деген екі азамат та бүгін журналистермен кездесуге келеді деп хабарланған. Алайда Гүлнәр Жуасбаева ол екеуін жергілікті учаскелік полиция шақырып алып, баспасөз мәслихатына қатыспауға үгіттеген дейді. Биыл сәуір айында түзету мекемесі қызметкерлерінің үстінен арызданған 20 адамның тең жарысы өз арыздарын қайтып алған. Қалған 9 сотталушы мекеменің қауіпсіздігі мен жазасын өтеушілерді қадағалайтын қызметкерлерді қылмыстық жауапкершілікке тартуды талап етіп отыр. Сондықтан біз Бас прокуратурадан істі бақылауға алуды сұраймыз, деді адвокат.   

Фото: Данияр Тағаев

ЛА 155/14 түзету мекемесінің қызметкерлерінің үстінен биыл 7 маусымда қылмыстық кодекстің 146 бабы 1 бөлігі бойынша қылмыстық іс қозғалған. Онда азаптау, тұлғаны қорқыту немесе мәжбүрлеу мақсатымен қасақана тән зардабын және психикалық зардап шектiргені үшін қылмыстық жауапкершілік қарастырылған. Арызданушы тарап 7 түрме қызметкерінің  үстінен шағымданған.  

Осы жазда аталған түзету мекемесіне іргелес орналасқан ЛА 155/8 колониясында да азаптау дерегіне байланысты бейнетүсірілім тараған болатын. Әлеуметтік желіде шыққан бейнетүсірілімдегі «жазалаушы отрядтың» әрекетіне Президент Қасым- Жомарт Тоқаев назар аударып, күдіктілер көп ұзамай құрықталды.

Кейін Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев Заречный түрмесіндегі зорлық-зомбылық фактілерінің растығын мәлімдеп, колонияға ішкі қауіпсіздік мамандарын жібергенін айтты. Тәртіптік комиссия шешімімен 14 қызметкер жазаға тартылып, оның 7-еуі ішкі істер органдарынан қызметтен шығарылды. Түрме басшысының екі орынбасары мен мекеме бастығы да жұмыстан босатылған еді.

Тұтқындар құқын қорғау жөніндегі коалицияның төрағасы Константин Гудаускастың дерегінше, Қазақстанда 2016-2018 жылдар аралығында тұтқындарға қысым көрсетіп, азаптағаны үшін құқық қорғау органдарының 53 қызметкері жазаланған. Жауапқа тартылғандардың  дені – полиция қызметкерлері, 13-і қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің қызметкерлері.

Ришат Асқарбекұлы, Алматы

Серіктес жаңалықтары