Ол кеудесіне пышақ тығып, суицид жасамақ болған
Қарағанды облысының Шет ауданында шаруа қожалығында малшы болып жұмыс істейтін 40 жастағы ер адам суицид жасамақ болды. Бұл туралы Azattyq Rýhy агенттігі Halyqstan Telegram-арнасына сілтеме жасап хабарлайды.
Белгілі болғандай, осыған дейін сол шаруашылықтың малшысы мен 45 жастағы аспаз әйел арасында жанжал болған. Кейінірек аспаз әйел өлі күйінде табылды. Алайда полиция оның өліміне малшының қатысы барын растаған жоқ.
«Сот-медициналық сараптаманың қорытындысына сәйкес, әйелдің өліміне асқазан құрамындағы тыныс алу жолдарының жабылуынан туындаған асфиксия себеп болды. Дәрігерлердің айтуынша, әйелдің денесінде жарақат анықталған жоқ», - деп хабарлады Қарағанды облысы ПД баспасөз қызметі.
Осыдан кейін ер адам кеудесіне пышақ тығып, суицид жасамақ болды. Ол қазір ауруханада жатыр. Қылмыстық іс қозғалды. Полицейлер болған оқиғаның мән-жайын анықтауда.
Айта кетейік, осыған дейін Қордайда ветеринария бөлімінің басшысы тамырын кесіп, суицид жасамақ болғаны хабарланған болатын.