Түркістан облысының әкімдігі жол салу барысында 2,2 млрд теңгені жымқырмақ болған

Автор: Асыл Арман

Бұл қаражат өздері іріктеп алған мердігерлер арқылы жылыстатылмақ болған

Фотоколлаж: Azattyq Rýhy/Әбілқасым Есентаев

Түркістан облысында автомобиль жолдарын салу және жөндеу жұмысын талдау кезінде 2,2 млрд теңгеге негізсіз шарттар жасалғаны анықталды. Бұл туралы Azattyq Rýhy агенттігі Антикордың баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.

Ведомство мәліметінше, әкімдіктер төтенше жағдайлардың салдарын жою немесе зияткерлік меншік объектілерін сатып алу қажеттілігі сылтауымен нақты мердігерлерді іріктеп алған. Бұл конкурстық процедураларды айналып өтуге және жұмыс тәжірибесі мен ресурстары жоқ фирмаларға артықшылық беруге мүмкіндік берді.

Бұл ретте орташа жөндеу жүргізуге арналған сметаға күтпеген шығыстарға арналған шығындар негізсіз енгізіліп, бұл жұмыстардың 177 млн теңгеге қымбаттауына алып келді.

Сонымен қатар, жергілікті атқарушы органдар талап етілмеген жобалау-сметалық құжаттама әзірлеуге 210 млн теңге жұмсады.

«Талдау қорытындысы бойынша мемлекеттік сатып алу рәсімдерінің бұзылуына жол берген кінәлі тұлғалар жауапкершілікке тартылып, Түркістан облысының әкімдігі жолдарды орташа жөндеу бойынша күтпеген шығыстарды алып тастады, сондай-ақ қаржыландыру бөлінбестен жобалау-сметалық құжаттама әзірлеуге жол бермейтін заңнамалық өзгерістерге бастамашылық жасады», - делінген Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің мәліметінде.