Оңтүстік өңірден елордаға есірткі тасымалдаған күдікті ұсталды
Күдіктіге 10 жылдан 15 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған

Астанада 30 жастағы ер адам аса ірі көлемде есірткі заттарын заңсыз тасымалдады деген күдікпен ұсталды. Бұл туралы полиция қызметкерлері жүргізген жедел-алдын алу шаралары барысында белгілі болды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Тергеу нәтижесінде күдіктінің есірткі заттарын елдің оңтүстігінен жеткізіп, клиенттерді әлеуметтік желілер арқылы тауып, келіссөздер жүргізгені анықталды. Ол арнайы пәтер жалдап, сол жерде есірткіні бөлшектеп орау және тарату жұмыстарымен айналысқан.
«Тінту барысында пәтердің шкафынан сұр-қара түсті зат салынған пакет, фольгаға оралған, ерекше иісі бар өсімдік тектес заттар, электрондық таразы, 5000 дана Zip-Lock пакеттері, сондай-ақ шамамен 7,5 млн теңге көлемінде ақша тәркіленді. Сонымен қатар күдіктінің пәтерінен "ОСА" маркалы травматикалық тапанша, "РАК" маркалы газ тапаншасы және 9 дана резеңке оқ табылды», - делінген хабарламада.
Сараптама қорытындысы бойынша тәркіленген заттардың салмағы 2 кг-нан асатын каннабис шайыры екені дәлелденді.
Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалды. Күдіктіге 10 жылдан 15 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Қазіргі уақытта ол Астана қалалық ПД уақытша ұстау изоляторына қамалды.