Қосшыда зорлық-зомбылыққа қарсы жиын өтті

Автор: Azattyq Rýhy

«Әйелдерге қатысты зорлық-зомбылыққа қарсы 16 күн белсенділік» акциясы өтіп жатыр

Фото: Қосшы қаласының әкімдігі

Ақмола облысында әйелдерге қатысты зорлық-зомбылыққа қарсы акция өтіп жатыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Жыл сайын 25 қарашада әйелдерге қатысты зорлықты жоюдың халықаралық күні атап өтіледі. Осыған орай биыл 25 қараша мен 10 желтоқсан аралығында «Әйелдерге қатысты зорлық-зомбылыққа қарсы 16 күн белсенділік» республикалық акциясы өтіп жатыр. Акцияның негізгі мақсаты – халықты әйелдерге қатысты зорлық-зомбылықтын алдын алуға және оны болдырмауға, ана мен баланы қорғауға, отбасының қоғамдағы рөлін нығайтуға бағытталған шаралармен таныстыру.

Ақмола облысы Полиция департаментінің мәліметіне қарағанда, облыста осы жылдың басынан бері полицейлер тарапынан тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алуға бағытталған ауқымды жұмыстар жүргізілген. Атап айтқанда, 3,5 мыңнан астам қорғау ұйғарымдары шығарылып, құқық бұзушылардың мінез-құлқына 1 мыңға жуық ерекше талаптар қойылды. Сонымен бірге отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласында 2 мыңнан астам құқық бұзушы профилактикалық есепке алынды. Бұл қоғамға зорлық-зомбылықпен күресудің тек бірлескен күш-жігер арқылы мүмкін екенін және барша үшін қауіпсіз орта құрудың маңыздылығын тағы бір мәрте еске салуды мақсат етеді.

Зорлық-зомбылыққа қарсы акция аясында Қосшы қаласының полиция бөлімінде «16 күн белсенділік» тақырыпқа байланысты дөңгелек үстел өткізілді. Оған мүдделі мемлекеттік органдардың, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері және қалалық әкімдіктің ішкі саясат бөлімінің қызметкерлері, Қосшы полиция бөлімінің «әйелдерді зорлық- зомбылықтан қорғау инспекторы, психолог мамандар қатысты. Сонымен қатар осы шараға тұрмыстық зорлық-зомбылықтың құрбаны болған бір жәбірленуші тұлға қатысып, өзінің басынан өткен оқиғасы туралы айтып берді. Жиналған тиісті мамандар зорлыққа ұшыраған қосшылыққа психологиялық көмек көрсетті. Тиісті мамандар тұрмыстық зорлық-зомбылықтың жолын кесу және алдын алу, осы саладағы заңнаманы жетілдіру мәселелері жан-жақты талқыланды.

Сондай-ақ, жиынға қатысқан жәбірленуші тұлға Қосшыда биыл ашылған дағдарыс орталығына орналастырылды.

Айта кетсек, биыл Қосшы қаласында ашылған дағдарыс орталығының негізгі мақсаты – отбасында зорлық-зомбылық көрген әйелдер мен балаларға қамқор болу, оларға уақытша баспана ұсына отырып, жаңа өмірге бейімделуіне көмек қолын созу. Орталыққа тұрмыстық зорлық-зомбылыққа ұшыраған кез-келген әйел адам балаларымен бірге келіп орналаса алады.

Дағдарыс орталығының ең бірінші міндеті – тұрмыстық зорлық-зомбылыққа ұшыраған жандарды қауіпсіз баспанамен қамтамасыз ету, сонымен қатар орталық тұрғындарына тұрмыстық заттар мен күніне 3 рет рет тегін тамақ ұсынылады. Дағдарыс орталығында психолог пен заңгердің көмегі де қарастырылған. Әлеуметтік қызметкелердің қолдауымен балалардың дамуы мен білім алуына мүмкіндік берілген.

Дағдарыс орталығының мамандары зәбір көрген әйелмен немесе балалармен тиісті жұмыс жүргізеді. Олардың проблемаларының түп-тамырына үңіле отырып, жағдайды реттеуге көмек қолын созады. Оның жұмыс тауып, қоғамға қайта әлеуметтенуіне және балалары болса, оларды балабақшаға орналастыруға немесе қосымша білім алып, жаңа бір мамандық иесі болып, өзіне нәпақа табуына да септігін тигізеді. Жалпы бір сөзбен айтқанда қоғамнан, отбасынан өз орнын таба алмай жүрген, қиын жағдайда шаршап жүрген әйелдерге жаңа мүмкіндіктер ашуға септігін тигізеді.