«Zhasyl Qalqan» мобильді қосымшасының авторы Шасалим Шагалимов жобасының мүмкіндіктерін айтып берді
«Астана – адалдық алаңы» жобасының менеджері, «Біз таза ел үшін» атты экологиялық қозғалыстың ұйымдастарушысы Шасалим Шагалимов Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов пен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің төрағасы Алик Шпекбаевқа «Zhasyl Qalqan» мобильді қосымшасын таныстырды.
«Осы қосымшаның арқасында тұрмыстық қалдық тастаған жерді тазалап, өспей қалған ағашты санауға, осылайша, қаланың экологиялық жағдайын хабарлауға болады. Мәселен, қазір ағаш көп егіліп жатыр. Бірақ оның көбі еккеннен кейін қурап қалады, не өліп қалады. Осы қосымша арқылы сіз ағашты қандай мердігер компания еккенін, оны еккен кезде ұзындығы қандай болғанын өлшей аласыз. Ең бастысы, қанша ақша шығындалғанын. Осы ақпараттарды қосымшаға тіркеген кезде сізге QR код береді. Бір жылдан кейін сол кодпен ағаш өсті ме, әлде өлді ме, көріп, өспей қалған жағдайға әкімдікке шағым түсіре аласыз», - дейді шасалим Шагалимов.
Сол сияқты, қала сыртында толып қалған тұрмыстық қалдық полигондарына да бақылау жасауға болады.
«Әсіресе, қыста әрбір көлік қарды арнайы ашылған қар полигонына төгуі керек. Бірақ, бізде полигонға ақша төлегісі келмейтін адамдар қарды қала сыртына шығарып, тастай салады. Оған көз жұма қарайтын адамдар бар. Яғни, тұрмыстық жемқорлық», - дейді ол.
Қосымша пайдалануға дайын тұрса да, ол iKomek қалалық жүйесіне интеграцияланбаған.
«iKomek жүйесіне интеграция жасай алмай жатырмыз. Қосымша 2018 жылы жасалған, 2019 жылдың күзінде андройд және айос жүйелерінде жүктелді. Бүгін қала әкімі Алтай Көлгіновке өтініш жасадым, енді жауабын күтеміз», - деді ол.
Кенжекей Тоқтамұрат, Нұр-Сұлтан