Қостанай облысында 7 мыңнан астам электронды темекі жойылды

Автор: Дәулет Ботагөз

Жыл басынан бері 38 мыңнан астам электронды тұтыну жүйесі жойылған

Фото: © istockphoto.com

Қостанай облысы бойынша Экономикалық тергеу департаменті Қазақстанда айналымға тыйым салынған вейптерді өңірге заңсыз тасымалдаған қостанайлық азаматтың әрекетін тоқтатты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy. 

Kstnews мәліметінше, заңсыз әкелінген электронды тұтыну жүйелері ел аумағында сатылған.

«Тапсырыстың ең төменгі сомасы 100 мың теңгеден басталған. Төлемдер шетелдік азаматтың атына ашылған картаға қабылданған. Тұрғылықты мекенжайды тінту барысында 7,5 мыңға жуық вейп тәркіленді. Сот үкімімен азамат Д. айыпты деп танылып, бір жылға бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалды», — дейді Қостанай облысы бойынша Экономикалық тергеу департаментінің тергеушісі Темірлан Бухметов.

Бил төрт адамның заңсыз әрекеті тоқтатылды. Үшеуіне қатысты сот үкімдері жарияланды, ал бір іс бойынша тергеу жалғасып жатыр. Бұл жолы 7498 вейп, сондай-ақ 292 жарнамалық брошюра, пакет және стенд өртеліп, жойылды.

Жалпы, жыл басынан бері 38 мыңнан астам электронды тұтыну жүйесі жойылған.

Айта кету керек, Қазақстанда электронды темекі мен вейптерді сатуға тыйым салынған. Экономикалық тергеу департаменті бұл бағыттағы күресті күшейтіп, заңсыз өнімді анықтау мен жою жұмыстарын жалғастырып жатыр.