Павлодар облысында егін алқабына зиян келтіргені үшін жылқы иесі жауапқа тартылды

Автор: Дулат Асель

Оған 20 айлық есептік көрсеткіш (АЕК) көлемінде айыппұл салынды

Фото: Azattyq Ruhy

Павлодар ауданы Луганск ауылы маңында учаскелік инспектор кезекті әкімшілік учаскені патрульдеу кезінде 70 бас жылқыдан тұратын қараусыз табынды анықтады. Жылқылар бидай егілген алқапта жайылып, ауыл шаруашылығы дақылдарына айтарлықтай зиян келтірген, деп хабарлайды облыстық полиция департаментіне сілтеме жасап Azattyq Rýhy.

Павлодар облысы полиция департаментінің мәліметінше, мал иесі табылып, ол шаруа қожалығының басшысы екені анықталды.

«Егін алқабына зиян келтіргені үшін жылқы иесі әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Оған 20 айлық есептік көрсеткіш (АЕК) көлемінде айыппұл салынды», – деп хабарлады Павлодар облысы ПД баспасөз қызметі.

Егін алқабын қорғау мақсатында жылқылар арнайы мал тұрақтарына жеткізіліп, олар иесіне айыппұл толық төленгеннен кейін ғана қайтарылады. Полиция департаменті азаматтарды малды қараусыз қалдырмауға және заңды сақтау қажеттілігіне ерекше назар аударуға шақырады.