Қазақстанда қыздарға қарағанда ұлдар көбірек дүниеге келеді – демографтар

Автор: Дәулет Ботагөз

2024 жылдың қаңтар-қыркүйек аралығында елде 278 698 сәби дүниеге келген

Фото: © freepik.com

Қазақстанда соңғы жылдары қыздарға қарағанда ұл балалар көбірек дүниеге келеді. Бұл туралы КТК телеарнасы мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy. .

2024 жылдың қаңтар-қыркүйек айлары аралығында елде 278 698 сәби дүниеге келген. Оның 144 015-і – ұл бала, ал 134 683-і – қыз бала. Ұлттық статистика бюросының сарапшысы Бибігүл Мираспек бұл көрсеткіш бойынша Түркістан, Маңғыстау облыстары мен Шымкент қаласы көш бастап тұрғанын айтты. Орта есеппен, 100 қыз балаға 105 ұл бала дүниеге келеді. Сонымен қатар биыл 5 мыңнан астам егіз және жүзге жуық үшем туған.

Дегенмен, демографтардың айтуынша, шамамен 40 жаста ерлер саны әйелдерден азая бастайды. Бұл ерлер арасында өлім-жітім деңгейінің жоғары болуына байланысты дейді мамандар.

«Ерлердің өлім-жітіміне негізінен жүрек-қан тамырлары аурулары, онкологиялық аурулар, жол-көлік апаттары, өзіне-өзі қол жұмсау, кісі өлтіру және өндірістік жарақаттар себеп болып отыр. Өкінішке қарай, аталған себептер бойынша ерлер әйелдерге қарағанда төрт есе жиі қайтыс болады», – дейді демограф Шынар Төлешова.