«Мектепті торуылдап жүр»: Екібастұзда ата-аналар айыптаған ер адамның бұл жайтқа қатысы жоқ болып шықты

Автор: Мақсат Әсел

Айыпталған ер адам мектептің жанынан жай ғана өтіп бара жатқан

Фото: Azattyq Rýhy/Әсет Құндақбаев

Екібастұзда WhatsApp мессенджері арқылы мектептер маңын бір ер адамның торуылдап жүргені туралы хабарлама тараған. Осы хабарламадан кейін полиция зерттеу жүргізіп, аталған фактінің расталмағанын мәлім етті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Қала тұрғындары бір-біріне №9 және №11 мектептердің маңында бір ер адамның оқушы қыздарға жармасып жүргені туралы хабарлама жолдаған. Тұрғындар ата-аналарды мектеп оқушыларын үйге дейін шығарып салуға және мектеп қарсы алуға шақырған. 

Жергілікті Pavlodarnews.kz порталының жазуынша, полиция аталған мектептерлің бейнекамераларын тексерген. Нәтижесінде хабарламаға қосымша тіркелген суреттегі ер адамның бұл жайтқа түк қатысы жоқ екені анықталды. Айыпталған ер адам мектептің жанынан жай ғана өтіп бара жатқан.

Қалалық полиция департаменті хабарламаның авторларын жинап, тергеу жұмыстарын жүргізді.

«Біз бейнекамера жазбаларын зерттедік. Кәмелетке толмағандарға жармасу фактісі расталмады», – деп мәлімдеді өңірлік ПД.