«Шаруалар жылда астығын өткізетін элеватор таппай шулайды»: депутат диқаншылардың мәселесін көтерді

Автор: Аягөз Құрмаш

 

Ол шаруалардың жанайқайын жеткізді

Фото: instagram.com/maksattolykbai/

Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Мақсат Толықбай астықты өңдейтін кәсіпорындардың ашылуын сұрап, премьер-министр Олжас Бектеновке депутаттық сауал жолдады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

«Біз Қазақстан «астық державасы» деп жаһанға жар салғанда мықтымыз. Бірақ сол астықты ала жаздай табан ет, маңдай терімен бағып-қағатын жүздеген диқан нақты қолдау күтіп отыр. Айтайын дегенім, Үкіметтің жақын күндері шыққан қаулысына қарасақ, субсидия енді  астықты Қара теңіз бен Балтық теңізіндегі порттарға жеткізетін санаулы экспорттаушыға ғана берілмек. Еуропа, Африкаға дейін жеткіземіз деп әлекпіз. Нақтырақ айтқанда, әр тоннаға 20 мың теңгеден. Әрине, бұл да қолдаудың бір түрі», - дейді Толықбай.

Депутаттың ойынша, астықты сыртқа шығаруға арналған ақша қазір бір ғана компанияның қолында отыр. 

«Біріншіден, біз ДСҰ-ның мүшесі болғаннан кейін, экспортты субсидиялауға құқымыз бар ма? Екіншіден, астықты экспорттауға арналған қаражатты «KTZ Express»  АҚ деп аталатын бір ғана оператор жүзеге асырады. Оның жұмысы қаншалықты ашық болады? Нақты механизмін көре алмадық. Айналып келгенде, шаруалардың мүддесі еленбей, лоббистердің құлқынын қанағаттандырып жүрмейміз бе? Себебі миллиардтаған қаржыны қазақтың бидайын өздері ғана сыртқа шығарып сататын пысықайларға бере салып, мұның астарында сыбайлас жемқорлыққа жол ашу жатқан жоқ па деген ой қылаң береді. Ашығын айтқанда, субсидияның басым бөлігі ресейлік компанияларға, Ресей мемлекеттік теміржолы компаниясының қызметін төлеуге кетеді», - дейді депутат.

Мақсат Толықбай айтып бергендей, салалық министрліктің үш жылдық жоспарын қарасақ, нақты астықты өңдеу бойынша ауыз толтырып айтарлықтай бірде-бір жоба болмады.

«Қазақстан қашанғы шикізаттың көзі болмақ? Терең өңдеумен қашан айналысамыз? Президенттің берген тапсырмасы бар. «Бәйтерек» қаражат дайындап отыр. Біздің астыққа қызығушлық танытатын инвесторлар да жоқ емес. Зауыттар салуға не кедергі?Сондықтан астықты экспорттауға қарастырылған қаражаттан бөлек, отандық шаруаларды қолдаудың  дұрыс тетігін табуды ұсынамын. Орталық Азия мен Қытай нарығы жыл сайын қосымша 2 миллион тоннаға дейін дайын өнімді қабылдауға дайын.  Бұл дегеніміз, шикізат түрінде 5 миллион тонна астықты сатқаннан түсетін кіріспен тең», - дейді Мақсат Толықбай.  

Оның айтуынша, ет, сүт, жұмыртқа бағасының 70 пайызы жем-шөптің құнына тәуелді.

«Субсидияны астықты өңдегендерге көбірек берсек, фермерлер арзан жем-шөптен таршылық көрмейтін еді. Қосымша жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік туады.Төртіншіден, астық қоймаларын салу және кеңейту-басты бағыттардың бірі болу керек.Шаруалар жылда астығын өткізетін элеватор таппай шулайды. Ал министрлік сақтайтын орын көп деп мәлімет береді. Проблама неде? Элеваторлардың алыстығында. Кәсіпкерлер шалғайға тасымалдағы келмейді. Әр километр қосымша шығын екенін білесіздер. Сондықтан, ірі қоймалар қырманға жақын маңнан  салынып, мұқым ел аумағы бойынша сақтау қоймаларға ашық ревизия жасалса дейміз. Қысқасы, менің атыма бума-бума хат жолдаған шаруалардың талабы осындай», - деп түйіндеді ол.