Әлихан Бөкейханның суретін ұстап жүрген масондар Қазақстанда ресми тіркелмей жұмыс істеп жатқаны белгілі болды

Автор: Аягөз Құрмаш

Бұл ұйым негізі 2016 жылы құрылған 

Фотоколлаж/Azattyq Ruhy/Әбілқасым Есентаев

Елімізде «Еркін масондар ордені» қоғамдық бірлестігі өздерін «Қазақстандағы жалғыз тұрақты және жалпы мойындалған масондық ұйымы» ретінде көрсетіп, емін-еркін іс-шара өткізіп жүр. Тіпті олардың ресми сайттары бар. Жуырда олар «Алаш» партиясының жетекшісі Әлихан Бөкейханның суретін ұстап, шара өткізген, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Осы шарасы туралы ақпарат көрген соң, «2016 жылдан бері жұмыс істеп жатқан ресми мойындалған масондық ұйымбыз» деп жүрген бірлестік туралы зерттедік. Әділет министрлігіне оны растау үшін сұрау жолдадық. Алайда ресми орган бұл ұйымның тіркелмегенін айтты.

«Заңды тұлғалар» мемлекеттік деректер базасында «Орден Вольных Каменьщиков» қоғамдық бірлестігін тіркеу туралы мәліметтер жоқ», - деп жауап берді министрлік.

Масондық ұйымның сайтында Қазақстандағы масон нұры 1904 жылы Әлихан Бөкейхан мен «Алаш» партиясының мүшелері арқылы пайда болғаны жазылған.

«Елімізде алғашқы масондық нұр сонау 1904 жылы Қазақстанның тұңғыш премьер-министрі, қазақтың тұңғыш масоны Әлихан Бөкейханның, сондай-ақ «Алаш» партиясы мен жәдидшілер қозғалысының аты аңызға айналған басқа да ағайындардың арқасында пайда болды. Қиын-қыстау кеңестік кезеңде барлық Ложалар жабылып, тек 2015 жылы ғана қазақ масоншылығының дамуы жалғасты», - деп жазылған масондардың сайтында.

Масондарға тән түрлі белдемше таққан суреттердің бірінде «101» тобының мүшесі Иван Бреусов та бар.

Сондай-ақ олар мұсылмандардың масондық ұйымдарға қатысуына әмбебап тыйым жоқ екенін көрсеткен.

«Масондыққа қатысу басқаларға төзімділік пен құрмет сияқты мұсылмандарға көшбасшылық дағдыларды дамытуға және конфессияаралық байланыстарды нығайтуға көмектеседі. Масондықтың гуманизм және білімге ұмтылу сияқты іргелі принциптері ислам ілімдеріне қайшы келмейді, керісінше, адамның сенімін тереңірек түсінуге және оны заманауи әлемде қолдануға ықпал етеді, бұл бауырластықты өзіне пайдалы етеді», - дейді олар.

Сайтта масондардың қатарына қосылу үшін арнайы өтінішті толтыру керек. Жаңа қосылуға ниеттілерге арнайы ереже бар.

«Егер сіздің қалаңызда тұрақты ғибадат үйі болса, сізден бірнеше рет сұхбат алады. Осыдан кейін сізді Ложадағы «көз байланған сауалнамаға» шақырады, оның нәтижелері бойынша ағайындылар дауыс береді және сізді кандидат ретінде қабылдау немесе қабылдамау туралы шешім қабылданады. Егер сіздің қалаңызда ғибадатхана болмаса, сізден ең жақын қалалардың біріне сұхбат алу үшін келу сұралады, егер Ложа оң шешім қабылдаса, сіз инициациядан өтесіз», - дейді олар.

Қазақстанның ұлы ложасының гроссмейстері Сергей Кравченко осыған дейін БАҚ-қа ашық сұхбат берген. Ал алаштанушы Сұлтан Хан Аққұлұлы Әлихан Бөкей­ханның Ресейдегі масон ұйымына мүше болғаны жайлы qamshy.kz-ке берген сұхбатында былай дейді.

«Жалпы масон ұйымы немесе ложасы соншалықты бір адам шо­шитындай құбыжық құбылыс емес. Неге десеңіз, франкмасон деген ұйым – сонау Ескендір Зұлқарнайын заманынан келе жатқан құпия құ­рылым. Сол кезеңде де ол шынында жөйiттердің құпия ұйымы болған. Оның қыр-сыры аз емес. Ал кейінгі дәуірде франкмасон деген сөз «еркін тас қашаушы» деген ұғымды білдіретін. ХVII-XIX ғасырларда Батыс Еуропаның Англия, Франция, Германия және т.б. елдерінде масондық ұйымдар құ­рылғанда оған жөйіттердің ешқандай қатысы болмаған. Ол кезде жөйіт ұлты Еуропаның көп елінде қуғын-сүргін көретін уақыт-тын. Олар Батыс Еуропа көне дәуірдегі жөйіт ұйымының «құпия, астыртын ұйым құрып, әрекет ету» идеясын ғана алған. Алайда масон ұйымы міндетті түрде алдына саяси мақсат қана қойған емес. Батыс Еуропа елдерінде, кейінірек Ресей им­периясында ХVІІІ ғасырда пайда болған масон ұйымдарының алдында тек рухани мақсат-мұраттар тұрған. Олардың көздегені бүкіл адамзат баласын «бақытқа жетелейтін шіркеу тұрғызу» болған», - дейді алаштанушы.

Оның айтуынша, ХХ ғасырдағы Ресей им­периясындағы масондық ұйымға келсек, оның тарихы 1906 жылдан басталады.

«Тарихтан білетініміздей, 1905-1907 жылдары Ресей империя­сында І орыс төңкерісі болды. Сол кезде Ресей империясы конституциялық монархияға көшудің табалдырығында тұрды. Алайда сол кезде Ресей им­периясының құрамындағы ілгерішіл күштер бытырап, жеңісті қолдан беріп қойды. Осы кезде Ресей империясының либералдық зиялы қауымына: «Ресейде самодержавиені тек масон ұйымы ғана құлата алады. Тек масондық құпия ұйым құру арқылы Ресейдің барша ілгерішіл күштерінің басын біріктіріп, самодержавиені құлатуға жұмылдыра аламыз» деген ой келді. Сөйтіп, 1906 жылы Санкт-Петерборда – «Те­мірқазық» («Полярная звезда»), Мәскеуде «Қайта өрлеу» («Возрож­дение») деген екі ұйым пайда болды. Біз тарихтан білетініміздей, 1906 жылы Әлихан Бөкейхан Семей қазақтарының атынан І  Мемлекеттік Думаға депутат болды. Екіншіден, ол 1905 жылдың қазан айында Ресейдегі ең ықпалды, мүшелерінің саны көп  конституциялық-демократиялық партияның қатарына өтті. Өзі ғана сайланып қоймай, Семей облысы қазақтарының арасынан аталған партияның филиалын құрып, оның алғашқы депутаты болды. Тағы бір тарихи мәліметте Әлекең масон ұйымына 1908 жылы кірді делінген», - деген дерек келтіреді Сұлтан Хан Аққұлұлы.

Осы ретте, «Орден Вольных Каменьщиков» қоғамдық бірлестігінің ресми тіркелмей жұмыс істеп жатқаны қаншалықты заңды екенін заңгер Ләззат рақышевадан сұрап көрдік.

«Бұл бірлестік жайлы бірінші рет естіп тұрмын. Заң бойынша тіркелмей жұмыс істей алмайды.  Сырттан келгендер ойларына келгенін істеп жатыр. Заңмен шектеу керек», - деді заңгер.