«Газға қосып беремін»: алаяқ ауыл тұрғындарын тақырға отырғызып кетті

Автор: Аян Бекжанұлы

Ол өзі дайындаған алаяқтық жолмен әрекет еткен

Фото: Azattyq Rýhy/Әсет Құндақбаев

Алматы облысында алаяқ Қарасай ауданы Көкөзек ауылының тұрғындарын газға қосып беретінін айтып, жарты миллион теңгесін алған соң ізін суытқан, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Аудандық полицияның мәліметінше, қаскүнем арнайы дайындаған алаяқтық жолмен әрекет еткен. Ол ауыл тұрғындарын газға жылдам қосып беретінін айтып, алдын ала ақшаларын алып кеткен.

«Алаяқтық фактілері бойынша қылмыстық істер тіркелді. Тергеу барысында алаяқтықтың үш эпизоды анықталды, алайда зардап шеккендер көп болуы мүмкін. Біз күдіктінің басқа қылмыстарға қатысы бар-жоғын тексеруді жалғастырамыз», – деп хабарлады полиция.

Алаяқтардың қулықтарына түсіп қалмас үшін құқық қорғау органдары азаматтарды қарапайым ережелерді ұстануға шақырады: қызметтерді ұсынатын адамдардың құжаттары мен өкілеттіктерін тексеру, ресми келісімшарттарсыз бейтаныс адамдарға ақша бермеу және күдікті адамдар туралы полицияға дереу хабарлау.