Шымкентте ойыншық қарумен ломбард тонамақ болған адам сотталып кетті

Автор: Аян Бекжанұлы

Ол ломбардтан ақша алып кетпек болған

Фото: pixabay.com

Шымкентте ломбардқа медициналық бетперде тағып кіріп, ойыншық мылтықпен қорқытқан адам ұсталып, қамауға алынды. Ол ойыншық қарумен 100 мың теңге талап еткені үшін сотталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Белгілі болғандай, ломбардқа телефонын алу үшін кірген 18 жастағы адам қарулы қарақшылық шабуылды аяқтауға жол бермеген. Қылмыскер оқиға орнында ұсталып, қылмысын аяғына дейін жеткізе алмаған.

Ал оқыс жағдайдан құтқарған жігітке сертификат берілді.

«Шымкент қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотында айыпталушыға қатысты ҚК-нің 24-бабының 3-бөлігі – 191-бабының 2-бөлігінің 1-тармағымен (зорлық-зомбылық қолданамын деп қорқытып, бөтеннің мүлкін ашық ұрлауға оқталу) қылмыстық іс қаралды.

Сот талқылауы барысында прокурор айыпты ҚК-нің 24-бабының 3-бөлігі – 191-бабының 1-бөлігімен өзгертіп, «зорлық-зомбылық жасаймын деп қорқытумен» деген біліктілік белгіні алып тастады. Жәбірленуші тараптың қарсылығы болмаған жағдайда айыпты мұндай өзгерту сот үшін міндетті болып саналады.

Сотталушының кінәсі жәбірленуші мен жәбірленушінің өкілінің айғақтарымен, бейнежазбалармен және басқа да дәлелдемелермен дәлелденді. Жоғарыда айтылғандардың негізінде сот сотталушыны кінәлі деп таныды», - делінген Жоғары сот хабарламасында.

ҚК-нің 24-бабының 3-бөлігінде, 191-бабының 1-бөлігінде көзделген қылмыс ауырлығы орташа қылмыстарға жатады. Ведомство мәліметінше, жеңілдететін мән-жайларға кінәсін мойындау, жасаған қылмысына шын жүректен өкіну, жастығы, соттылығының болмауы жатқызылды, жауаптылықты ауырлататын мән-жайлар белгіленбеген.

Заңға сәйкес, қылмысқа оқталу үшін жаза ең жоғары мерзімнің ¾ бөлігінен аспауы керек.

«Іс бойынша тергеу жеделдетілген тәртіпте жүргізілді, сондықтан ҚК-нің 56-бабының 3-бөлігіне сәйкес жаза ең жоғары мерзімнің ½ бөлігінен аспауы керек.

Осыған байланысты сотталушы 1 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығын шектеуге жатады.

Үкім заңды күшіне енген жоқ», - деп хабарлайды ведомство.