Алматы облысында мас күйде трактор айдаған ер адам 2 жылға бас бостандығынан айырылды

Автор: Azattyq Rýhy

Сот үкімі заңды күшіне енді

Фото: istockphoto.com

Алматы облысында мас күйде трактор айдаған ер адамға қатысты сот үкімі шықты. Сотталушы  бұрын өмір бойы көлік құралдарын басқару құқығынан айырылған екен, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Райымбек аудандық сотының мәліметінше, 2024 жылдың тамызында бұрын өмір бойы көлік құралдарын басқару құқығынан айырылған сотталушы мас күйінде мемлекеттік тіркеу белгісі жоқ тракторды басқарып, жол қозғалысы ережелерінің талаптарын бұзған.

«Сот үкімімен сотталушы кінәлі деп танылып, оған 2 жыл 2 ай бас бостандығынан айыру түріндегі жаза тағайындалды», - делінген сот хабарламасында.

Айта кететін бір жайт, 2022 жылдың 12 қыркүйегіндегі Райымбек аудандық сотының үкімімен сотталушы дәл осы бап бойынша сотталып, 1 жыл 6 ай бас бостандығынан айыру жазасын өтеген.

Сот үкімі заңды күшіне енді.