«Жайылым тапшы»: Жетісу облысында ауыл тұрғындары биліктен көмек сұрап отыр

Автор: Azattyq Rýhy

Жалпы Жетісу облысында кейінгі үш жылда 480 гектар жер қоғамдық қолданысқа қайтарылған

Фото: depositphotos.com

Жетісу облысындағы Қайнарлы ауылында жайылым тапшы, деп хабарлайды Azattyq Rýhy 24KZ арнасына сілтеме жасап.

 Ауыл тұрғындары жергілікті биліктен мал жаятын жер сұрайды.

«Елді мекен айналасы егістік алқап болғандықтан, төрт түлікті өрістете алмай отырмыз», - дейді жергілікті жұрт.

Қайнарлы ауылында 800-ден аса адам тұрады. Жергілікті халықтың дені мал шаруашылығымен айналысады. Сондықтан тұрғындар биліктен жайылымды ұлғайтып, күнкөріске қолайлы жағдай жасап беруді сұрайды. Ауылдағы мал саны 16 мыңнан асады. Төрт түлік жазда жайлауға, қыста қыстауға жіберіледі. Елді мекен маңында да жайылым бар.

Аудан әкімі орынбасарының айтуынша, ол үшін тиісті жер телімі бөлінген.

 «Қайнарлы ауылында 2090 гектар жер бекітіліп берілген. Оның 1490 га жайлауда. 500 га ауылдың түбінде тұрған. Әрине, 1490 ірі қара, оның бәрін ауылға қалдыратын болсақ, ие бола алмаймыз. Бұл жерге жетпейді жер. Ауылдың маңайының бәрі – тәлімді егістік жер. Біз мұны жайылым жерге аудара алмаймыз», - дейді Ескелді ауданы әкімінің орынбасары Айдын Исабеков.

 Тұрғындарды тағы бір мәселе алаңдатып отыр. Жайылымда жүрген ауылдың жылқыларын бәзбіреулер пневматикалық қарумен атқан. Бұрын тұрғындар жиын-терім науқаны аяқталған соң егістік алқапқа мал жаятын болған. Биыл кейбір шаруашылықтар оған да мүмкіндік бермей отырған көрінеді.

Жиналғандар жайылым тапшылығын заңды тұрғыда реттеп, біржолата шешіп берсе деген үмітте. Жалпы Жетісу облысында кейінгі үш жылда 480 гектар жер қоғамдық қолданысқа қайтарылған.