«Мектеп дәретханасында бейнекамера орнатылған»: Көкшетауда ата-аналар наразылық білдірді

Автор: Azattyq Rýhy

Аталмыш жағдайға байланысты мектеп әкімшілігі де түсініктеме берді

Бейнеден кадр

Көкшетауда ата-аналар мектеп дәретханасына қойылған бейнебақылау камераларына қатысты наразылықтарын білдірді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Мектеп дәретханасында орнатылған бейнекамера туралы ақпарат Sinegor.kz Instagram-аккаунтында жарияланды. Ондағы мәліметке сүйенсек, бейнекамералар Көкшетаудағы №6 мектеп-лицейдің ұлдар дәретханасына орнатылған.

Ал шағымданушы ата-аналар дәретханаға бейнекамера орнатудың балалардың жеке өміріне қол сұғу деп қабылдайды.

«№6 мектепте дәретханаларға камералар орнатылған. Бұл – ерсі нәрсе. Әкімшілік және оның жауапкершілігі қайда? Бұл үшін ата-аналардан рұқсат сұраған жоқ. Камера жоғарыда ілулі тұрғандықтан, кабинадағы адам көрінуі мүмкін. Кем дегенде, кабинаға кірген адамның басы көрінетіні анық», - деп ата-аналар өздерінің наразылықтарын білдіріпті.

Аталмыш жағдайға байланысты мектеп әкімшілігі түсініктеме берді. Мектеп әкімшілігінің мәлімдемесіне сүйенсек, бейнебақылау камераларын орнату туралы шешім қамқоршылық кеңеспен келісіп қабылданған. Тіпті, осы мәселе бойынша өткен отырыстың хаттамасы да бар.

Мектеп басшылығының мұндай қадамға баруына білім беру мекемесіндегі вандализм фактілері, жасөспірімдер арасындағы төбелестер себеп болған.

«Бұл шара оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған және білім бөлімінің басшысымен алдын ала келісілген, бірақ балалардың құпиялылық құқықтары сақталады. Яғни, камералар бейне шолу ауқымына кабиналардың ішкі кеңістігі кірмейтіндей етіп орнатылған», - деп мәлім етті мектеп әкімшілігі.

Білім беру мекемесінің хабарлауынша, осы демалыс күндері екі камераны монтаждау жұмыстары аяқталады екен. Дүйсенбі, 25 қарашада ата-аналар комитеті мен қамқоршылық кеңесі өкілдерінің жиналысы өтеді. Осы кездесу барысында балалардың құқықтары бұзылмағанын растайтын бейнежазба көрсетіледі.