Еліміз мобильді интернеті арзан он елдің қатарында

Автор: Дулат Асель

Бірінші орында Израиль тұр, 1 ГБ интернет-трафик құны 0,13 долларды құрайды

Фотоколлаж Azattyq Rýhy

Қазақстан мобильді интернет желісі арзан 10 мемлекеттің қатарында тұр. Бұл туралы MoneySuperMarket баспасы дәйек келтірді, Олардың айтуынша, елімізде 1 ГБ интернет-трафиктің орташа құны 0,59 АҚШ долларды құрайды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Almaty.tv-ға сілтеме жасап.

Түрлі халықаралық талдау агенттіктерінің дерегінше, еліміз бірнеше жыл бойы мобильді интернет бағасы арзан мемлекеттер қатарында келе жатыр. MoneySuperMarket сайтының рейтингінде Қазақстан 10-орынға жайғасты. Бірінші орында Израиль 1 ГБ интернет-трафик құны 0,13 доллар, одан кейін Қырғызстан, ал үздік үштікті Италия түйіндейді.  Жалпы алғанда, 20 ГБ интернет-трафик үшін қазақстандықтар 11 доллар төлейді. АҚШ-та – 105 доллар, Ал Норвегияда – 106 доллар. Сарапшылардың пікірінше, өмір сүру деңгейі және табыс көлемі жоғары елдерде кез келген қызмет құны сәйкесінше көтеріңкі болады.

«Бұған әсер ететін тағы бір аспект – инфрақұрылым. Құрылған инфрақұрылым қымбат болса, тұтынушылар қалтасына салмақ түсуі мүмкін. Байланыс шығындары халықтың орташа табысына байланысты есептеледі. Қай жағынан қарасақ та, Қазақстан басқа елдермен салыстырғанда интернет бағасы арзан ел болып саналады», – деді Цифрландыру саласындағы еуразиялық сарапшылар желісінің төрағасы Дмитрий Шедко.

Finprom.kz сайтының мәліметінше, жылдам интернет құнының арзан болуына цифрлық инфрақұрылымға мемлекет тарапынан жасалып жатқан инвестициялар мен байланыс операторларының желіні кеңейту жөніндегі шараларының арқасында қол жетті. Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің дерегінше, базалық станса құрылысына шамамен 500 млн АҚШ доллары көлемінде инвестиция құйылған.