Жоғарғы сотқа дейін жеткен іс медиация арқылы шешілді
Кәсіпкерлер арасында жасалған жылжымайтын мүлікті сатып алу-сату мәмілелеріне қатысты дау бойынша азаматтық іс қаралды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Белгілі болғандай, сатушы тарап жасалған шарттарды жарамсыз деп тануды сұраған.
Ал сатып алушы сатушыны мүлікті қабылдау-тапсыру актілеріне қол қоюға мәжбүрлеу, жоғалған пайда түріндегі залалды және заңды тұрақсыздық айыбын өндіріп алу туралы қарсы талап қойған.
Өз кезегінде жергілікті соттар сатушының қойған талабын қанағаттандырып, сатып алушының қарсы қойған талабынан бас тартқан. Осыған байланысты сатып алушының өкілі сот актілеріне кассациялық тәртіпте шағым түсірді.
«Істі Жоғарғы сотта қарау кезінде тараптар дауды медиация тәртібімен реттеу арқылы келісімге келді.
Жоғарғы соттың азаматтық істер жөніндегі сот алқасы келісімнің мазмұнын және тараптардың татуласу жөніндегі еркін тексеріп, келісім талаптарының басқа тұлғалардың құқықтары мен заңды мүдделерін бұзбайтындығын анықтай отырып, сот актілерінің күшін жойды, дауды (жанжалды) медиация тәртібімен реттеу туралы тараптар арасында жасалған келісімді бекітіп, іс бойынша іс жүргізу тоқтатылды.
Салық кодексінің 108-бабының 1-тармағының 3) тармақшасының және АПК-нің 115-бабының екінші бөлігінің ережелеріне сәйкес арыз берушіге бюджетке төленген мемлекеттік баж салығы сомасының 50% мөлшерінде кассациялық сотқа жүгінген кезде төленген сома қайтарылды», - делінген Жоғарғы сот хабарламасында.