Оның жауапсыздығынан 32 мың гектардан астам орман алқабы өртеніп кеткен
Қостанай облысындағы Басаман орман шаруашылығы мекемесінің бұрынғы басшысы өрт қауіпті кезеңде бригаданы орман қоры аумағына кіргізген. Техниканың дұрыс жұмыс істемеуінен орманда өрт шыққан. Мекеменің бұрынғы басшысы өзінің салғырттығы үшін шамамен 40 миллиард теңге төлейтін болды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Басаман» орман шаруашылығы мекемесінің бұрынғы басшысы Ж., өзінің қызметтік өкілеттігін асыра пайдаланып, жазғы уақытта өрт қаупі жоғары кезеңде Қостанай облысының орман қоры аумағында жеке бригаданың орман және ағаш кесу жұмыстарын жүргізуге заңсыз рұқсат берген.
Соның салдарынан 2022 жылдың 2 қыркүйегінде бригадалардың құрал-жабдықтарының дұрыс жұмыс істемеуінен Басаман және Семиозерный орман шаруашылығының аумақтарын, сондай-ақ Әулиекөл ауданының Аманқарағай және Озерное ауылдарын шарпыған ауқымды өрт шыққан.
«Қостанай қалалық соты уәкілетті органның Ж.-ға және оның зайыбы Д.-дан мемлекетке келтірілген зиянды өтеу, мүлікті ортақ үлестік меншік деп тану және Ж.-ның ½ үлесін өндіріп алу туралы талап қоюын қарады.
Осыған дейін Қостанай облыстық соты Ж.-ны ҚК-нің 361-бабының 4-бөлігінің 3-тармағы бойынша кінәлі деп танып, оған өмір бойына мемлекеттік қызметте басшылық қызмет атқаруға тыйым салумен 4 жыл 6 айға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалған.
Сотта Ж.-ның заңсыз рұқсатымен орманда ағаш кесушілердің жұмысы ірі көлемде өрттің шығуына әкеліп соғып, оның салдарынан өсімдіктер мен жануарлар дүниесі зардап шегіп, 32 мың гектардан астам орман алқабы жойылған», - делінген хабарламада.
Сот талап қоюды ішінара қанағаттандырды: жауапкерден мемлекет кірісіне 21 млрд 436 млн теңге, облыстық бюджетке – 18 млрд теңге және аудандық бюджетке – 326 млн теңге залал өндірілді.
Сот зайыбы Д.-дан ортақ үлестік меншікті құру және ½ үлесті өндіріп алу туралы талапты мерзімінен бұрын қойылған деп санады.
Сот шешімі заңды күшіне енген жоқ.
Айта кетейік, экология және табиғи ресурстар министрлігі Ерлан Нысанбаев 2023 жылы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингье орман шаруашылығы қызметкерлерінің жалақы мөлшерін ашып көрсеткен.
«Орман және балық шаруашылығы – жалақысы төмен салалар, осыған байланысты биыл орман шаруашылығы қызметкерлерінің жалақысы 100 пайызға өсті. Орманшылар 140-тан 180 мың теңгеге дейін алады, басшылық 280-нен 350 мың теңгеге дейін алады. Жалақының өсуіне байланысты осындай көлемге қол жеткізілді», - деген еді министр ОКҚ брифингінде.