СҚО-да заңсыз алкогольдің ірі партиясы тәркіленді

Автор: Дулат Асель

Сонымен бірге акцияздік маркасы жоқ 409 қорап темекі тәркіленді

Фото: СҚО ПД

«Учаске» жедел-профилактикалық іс-шарасы шеңберінде жұмыс істеп жатқан учаскелік полиция инспекторлары Есіл ауданындағы ауылдардың бірінде заңсыз алкоголь сату фактісін анықтады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy облыстық полиция департаментіне сілтеме жасап.

Түскен ақпаратты тексеру мақсатында полиция қызметкерлері жергілікті әйелдің үйінен құрамында спирт бар 497 литр өнім, яғни 687 бөтелке сыра мен бес литрлік 29 бөтелкеге құйылған лицензияланбаған арақ тәркіледі. Сонымен бірге акцияздік маркасы жоқ 409 қорап темекі тәркіленді.

«Қазіргі уақытта тиiстi тiркеусiз кәсіпкерлік қызметпен айналысу фактісі бойынша әкімшілік материал жиналып жатыр. Ауыл тұрғынына айыппұл салынуы мүмкін», - делінген хабарламада.

«Учаске» ауқымды жедел-профилактикалық іс-шарасы 16 қыркүйектен бастап өткізілуде. Осы уақыт аралығында солтүстік қазақстандық полицейлер алкогольге қарсы заңнаманың 1700-ден астам түрлі бұзушылығын анықтады.