Жамбыл облысында үстіне шатыр құлап, мүгедек болып қалған әйел Қазпоштаны сотқа берді
Зардап шеккен әйел сот арқылы 18,5 млн теңге өтемақы өндіріп алды
2023 жылдың көктемінде Жамбыл ауданы, Аса ауылында қатты желдің салдарынан «Қазпошта» АҚ филиалы ғимаратының шатыры ұшып кетіп, көшеде кетіп бара жатқан әйелдің үстіне құлаған. Оқиға салдарынан әйел ауыр жарақаттар алып, шұғыл түрде реанимацияға жеткізілді. Медициналық сараптама оның жабық бас миының жарақаты, кеуде қуысы мен жұлынның зақымдануы, бет пен білектің кең скальпирленген жаралары, сондай-ақ 3-4 омыртқасының қысылып сынғанын анықтады. Нәтижесінде оған 1-топтағы мүгедектік санаты белгіленді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Қазпошта» АҚ Жамбыл филиалы жәбірленушінің қызының өтініші бойынша 7 млн теңге көлемінде материалдық көмек көрсеткенімен, бұл қаражат шетелдегі емдеу мен оңалту шығындарын толық өтей алмаған. Осыған байланысты жәбірленуші денсаулыққа келтірілген залал мен моральдық зиян үшін өтемақы талап етіп, сотқа жүгінді.
«Сот барысында «Қазпошта» АҚ өкілі шатырға 2021-2022 жылдары жөндеу жұмыстары жүргізілгенін алға тартып, талапты мойындамады. Алайда архивте жөндеу жұмыстарына қатысты құжаттардың жоқ болуына байланысты мердігерді анықтау мүмкін болмағанын түсіндірді. Сот шатырдың құлауы сапасыз жөндеу жұмыстарының салдарынан болғанын анықтады. Жөндеу кезінде шатыр жеткілікті түрде нығайтылмаған. «Қазпошта» АҚ ғимараттың қауіпсіздігін қамтамасыз етпегені және күрделі жөндеу жұмыстарына тиісті бақылау жасамағаны үшін жауапты деп танылды», - делінген хабарламада.
Сот шешімі бойынша, «Қазпошта» АҚ жәбірленушіге 8,5 млн теңге материалдық залал және 10 млн теңге моральдық зиян өтемақысын төлеуге міндеттелді. Шешім заңды күшіне енген жоқ.