Ол өз сөзінде Үкімет не істеу керектігін жақсы біледі
Премьер-министрдің орынбасары Серік Жұманғарин БАҚ өкілдерінен қойылған отандық диқандар биыл жақсы өнім жинағанын, алайда сата алмай отырғаны туралы сауалға жауап берді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Мен бірнеше рет айттым: жақсыны да, жаманды да сіздер жасайсыздар. Бір жерде астық шіріп жатқан жағдай, біреуі элеваторларда кезекте тұрғаны, енді бірі қант қызылшасын жеткізу үшін кезекте тұрғаны. Мұндай оқиғалар ылғи да болып тұрады, бірақ қашанда ауыр қабылданады. Біз жағдайды бақылауда ұстаймыз. Проблемалар белгілі. Бүгін айтқанымды тағы да қайталаймын: біз бұл қиындықтың барлығын шешеміз, ешқандай проблема жоқ, мен оларды өз көзіммен көріп тұрған жоқпын», - деді ол дүйсенбі күні Мәжілістің кулуарында.
Вице-премьердің айтуынша, үкімет бұл жағдайда «не істеу керектігін біледі».
«Біздің айқын мақсатымыз бар. Біз оларға қалай жетуге болатынын да білеміз. Барлық серіктестерімізбен экспорт бойынша да, түйткілді мәселелер бойынша да үнемі байланыстамыз», – деді Серік Жұманғарин.