Бұрынғы мешіт ғимаратында газ жарылды
Ақмола облысы Қорғалжын ауданына қарасты Сабынды ауылында бұрынғы мешіт ғимаратында газ жарылысы болып, үш адам қаза тапты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, оқиға кезінде ғимаратта жеті газ баллоны болған. Құтқарушылар келген бетте алты газ баллонын сыртқа шығарған. Алайда жарылыс салдарынан 1978 жылы туған ер адам қаза тауып, құтқарушылар үйінді астынан 1983 жылы туған әйел мен 2012 жылы туған баланың денесін тапты.
Оқиға орнынан 16 адам медициналық көмекке мұқтаж болып, жедел жәрдем қызметі арқылы Астана қаласындағы ауруханаға жеткізілді.
Қазіргі уақытта құтқарушылар ғимарат үйінділерін аршуды жалғастырып жатыр. Оқиға орнында Ақмола облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің, жедел-құтқару жасағының және Төтенше жағдайлар министрлігінің медицина орталығының 30-ға жуық қызметкері мен 5 арнайы техника жұмылдырылған.
Жарылыс себептерін анықтау үшін Ақмола облысы мен Астана қаласының Төтенше жағдайлар департаменттерінің өртке қарсы зерттеу сынақ зертханасы жұмыс істеп жатыр.
Жарылыс ауылдағы бұрынғы мешіт ғимаратында болған. Құзырлы органдар тергеу жұмыстарын жүргізіп жатыр.