Қостанай облысында өзенге кеткен жасөспірімнің денесі табылды
2011 жылы туған жасөспірім балық аулауға кетіп, қайта оралмаған
Қостанай облысының Қарабалық ауданында балық аулауға кеткен 13 жастағы жасөспірімнің денесі табылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
2011 жылы туған жасөспірім балық аулауға кетіп, қайта оралмаған. Бұл туралы жергілікті Төтенше жағдайлар департаменті мәлімдеді.
«16 қараша күні Қарабалық ауданында үйінен балық аулауға кеткен жасөспірімді іздеу жұмыстары басталды. Сағат 16:30 шамасында жоғалған баланы іздеуге құтқарушылар, полиция, волонтерлер, жақындары, жергілікті тұрғындар және кинологиялық топтар мен қайықтар жұмылдырылды», — деп хабарлады ТЖД өкілдері.
Көпшіліктің бірлескен іздеу жұмыстарына қарамастан, жасөспірімнің денесі өзеннен табылып, құтқарушылар оны су бетінен алып шықты.
Құтқарушылар балық аулау кезінде қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтаудың маңызын еске салады.
«Ересектердің қарауынсыз балаларды жіберуге болмайды, әсіресе су маңында және суық мезгілде қауіп деңгейі жоғарылай түседі», — дейді құтқарушылар.