Қарағанды облысында есірткімен күрес бойынша қандай шаралар атқарылып жатыр?
Аймақ аралық штабтың отырысында есірткіге қарсы саясат қаншалықты деңгейде жүзеге асырылып жатқандығы айтылды

Қарағанды облысында 2024 жылдың басынан бері 332 есірткі қылмысы анықталып, 445 кг есірткі тәркіленді. Бұдан бөлек, екі жерасты фотолабораториясы жойылды. Сол сияқты есірткі бизнесімен айналысқандардың қызметі тоқтатылды, жылдық қаржы көлемі 2,5 млрд теңгеден асқан 16 күдікті ұсталды. Бұл туралы Azattyq Rýhy облыс әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.
Аймақ аралық штабтың отырысында есірткіге қарсы саясат қаншалықты деңгейде жүзеге асырылып жатқандығы айтылды. Кеңесте мемлекеттік органдардың өкілдері облысты есірткіден таза аймаққа айналдыру үшін қабылдау керек шаралар туралы талқыланды.
Полицейлер наркограффитимен күрес жүргізіп жатыр.
«Бұл бағыттағы жұмыстарды жандандыру мақсатында Қарағанды, Теміртау, Саран, Шахтинск және Балқаш қалаларында еріктілер мен қоғамдық ұйымдардың қолдауымен «СТОП-граффити» ұранымен ауқымды акциялар өткізілді. 2024 жылдың 16 қазанына дейін 410 рейд жүргізіліп, 11 902 наркограффити боялды», – деп хабарлады облыстық полиция департаменті басшысының міндетін атқарушы Жасқайрат Қайыров.
Заманауи технологиялар дәуірінде қылмыскерлер есірткіні тарату үшін әлеуметтік желілер мен мессенджерлерді көбірек пайдаланады. Осыған дейін облыстық полиция департаментінің өкілдері есірткіні жарнамалайтын 177 сайт пен парақшаны бұғаттаған.
Отырыста есірткіден емдеу мен оның алдын алу мәселелеріне ерекше назар аударылды. Жақын арада облыстық психикалық денсаулық орталығында газды хроматограф жұмыс істей бастайды.
Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Бибігүл Төлегенова бұл құралдың көмегімен адамның ағзасында 100-ден астам есірткі түрін анықтауға болатынын айтады.
Аймақ басшысы есірткіге қарсы профилактика жоғары оқу орындарында, колледждер мен мектептерде қолжетімді формада жүргізілуі керектігін атап өтті. Сондай-ақ, ата-аналармен ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын күшейту қажет екендігін ескертті.
«Полиция қызметкерлері қала және аудан әкімдерімен бірге үнемі аулаларды аралап, есірткіні жарнамалайтын орындарды алдын ала анықтауы қажет. Денсаулық сақтау басқармасы мектеп оқушылары мен студенттер арасында үнемі скрининг ұйымдастыруы тиіс. Облыстық диспансер жанынан анонимді кеңес беретін консультациялық орталық ашу қажет. Аймақта есірткіге қарсы күрестің негізгі мақсаты – қоғамды есірткіге тәуелділікпен күресуге шақыратын қоғамдық қозғалыс құру керек. Қарағанды облысы есірткіден таза аймаққа айналуы тиіс», – деп атап өтті Ермағанбет Бөлекпаев.