2025 жылы 20 депо ашылады
Төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әрінов өрт сөндіру деполарын салуға қанша қаражат керек екенін айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Біздің талдауымыз бойынша қазір қолданыста жүрген бір өрт сөндіру депосының құны 2,5-3 млрд теңге болады. Ал салу мерзімі 2 жылға дейін созылады. Сонымен қатар, елімізде 6-8 жыл бойы салынып келе жатқан жеті жоба бар. Тіпті, кейбірінің ісі сотқа жетті. Кейбірі жобаға түзету енгізу туралы рұқсат сұрап отыр. Бұл біз сол жақтағы тұрғындарға тиісті қызмет көрсете алмаймыз деген сөз», - деді Әрінов үкіметтегі баспасөз конференциясында.
Министр өз сөзінде айтқан деполар 3,5 айда салынады.
«Ал біз айтып отырған жылдам салынатын деполар 3,5 айдың ішінде салынып, бірден қолданысқа беріледі. Ол деполардың құны 1-1,1 млрд теңгенің төңірегінде болады. Ол енді қай өңірде салынатынына байланысты. Теміржол желісі қалай тартылғаны маңызды. Өңірлерде ең қажет деген жерлерде 20 депо саламыз деген ниет бар. Ол - 2025 жылы. Қазір Атырауда жедел станция салынып жатыр», - деді министр.
Оның айтуынша, елімізге 121 өрт сөндіру депосы қажет.