Комитет жалған ақпарат таратқандардың жазаланатынын атап өтті
Әлеуметтік желіде әйелін өлтіргені үшін 24 жылға сотталған экс-министр Қуандық Бишімбаевтың колониядан қашып кеткені туралы ақпарат тарады. Осыған байланысты Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті түсініктеме берді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Комитеттің хабарлауынша, бұл ақпарат – жалған.
«Әлеуметтік желілерде сотталған Қ. Бишімбаевтың колониядан қашқаны туралы жалған ақпарат таратылуда. Бұл сотталған адам жазасын барынша қауіпсіздік мекемесінде өтеп жатыр», - делінген хабарламада.
ҚАЖ комитеті қазақстандықтарды жалған ақпарат таратпауға және тек ресми дереккөздерге сенуге шақырды.
«Осы жалған ақпаратты таратуға қатысты қылмыстық іс қозғалғанын және кінәлілер жауапқа тартылатынын хабарлаймыз»,-деді ведомствоның баспасөз қызметі.
Еске сала кетейік, Салтанат Нүкенованың өліміне байланысты сот процесі 2024 жылдың 13 мамырында аяқталған болатын. Сот шешімімен әйелін азаптап, өлтіргені үшін Қуандық Бишімбаев 24 жылға бас бостандығынан айырылған. Ал 2024 жылдың 9 қарашасында Салтанат Нүкенованың өмірден өткеніне 1 жыл болды.