Апаттың себебі техникалық ақау болуы мүмкін
Қорғаныс министрлігі Ақтөбе облысындағы тікұшақ апатының алдын ала себептерін жариялады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Қорғаныс министрінің тапсырмасы бойынша апат орнына Қорғаныс министрінің орынбасары және Әуе қорғаныс күштерінің бас қолбасшысы, авиация генерал-лейтенанты Дәурен Қосановтың жетекшілігімен арнайы комиссия барды.
«Алдын ала мәліметтер бойынша, апаттың себебі техникалық ақау болуы мүмкін. Тергеу шараларының нәтижелері бойынша нақты қорытынды жасалады. Зардап шеккен экипаж мүшелеріне қажетті барлық медициналық көмек көрсетіледі. Қайтыс болған әскери қызметкердің отбасына материалдық көмек және жан-жақты қолдау көрсетіледі», – делінген хабарламада.
Ми-8 тікұшақтары Қазақстан тәуелсіздік алғаннан бері Әуе қорғаныс күштерінің арсеналында бар. Бұл әмбебап және сенімді техника әлемнің 50-ден астам елінде қолданылады және ең көп сұранысқа ие тікұшақтардың бірі саналады.
«Апатқа ұшыраған тікұшақтың соңғы күрделі жөндеуі 2023 жылы Алматыдағы «405-авиациялық жөндеу зауытында» жүргізілген. Барлық регламенттік жұмыс, оның ішінде ұшу алдындағы дайындық, нормативтік талаптарға сәйкес толық орындалған», — делінген хабарламада.