Швеция билігі Қазақстанға 57 млн теңге жымқырды деп айыпталған азаматты экстрадициялады

Автор: Azattyq Rýhy

Азамат 2015–2020 жылдар аралығында Шымкенттегі сауда орталығында жұмыс істеген

Фото: depositphotos.com

Генпрокуратура мен Интерпол қызметкерлері Қазақстанның Стокгольмдегі елшілігінің көмегімен Швециядан аса ірі көлемде мүлікті заңсыз иемденді деп айыпталған Қазақстан азаматын экстрадициялады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy ҚР Бас прокуратурасының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Азамат 2015–2020 жылдар аралығында Шымкенттегі сауда орталығында жұмыс істей отырып, 57 миллион теңгені иемденді деген күдікке ілінген. Қылмыс жасағаннан кейін ол жасырынып, халықаралық іздеуге жарияланған.

Осы жылдың ақпан айында күдікті Швеция аумағында ұсталды. Генпрокуратураның сұрауы бойынша ол Қазақстанға экстрадицияланып, Астанадағы тергеу изоляторына қамалды.

«Айыпталып отырған қылмыс үшін 7 жылдан 12 жылға дейін бас бостандығынан айыру, мүлкін тәркілеу және белгілі бір лауазымдарды атқару немесе қызметпен айналысу құқығынан 10 жылға дейін айыру (немесе бұл шектеусіз) жазасы көзделген. Швеция Корольдігімен экстрадиция туралы келісім болмағанына қарамастан, бұл экстрадиция Қазақстан Бас прокуратурасы мен Швеция Әділет министрлігі арасындағы тығыз ынтымақтастықтың арқасында жүзеге асты», – делінген хабарламада.

Айта кетейік, былтыр Швеция тарапы Қазақстанға іздеуде жүрген екі азаматты экстрадициялаған.