Елорда мектептерінде ауа райына байланысты сабақтар қысқартылды

Автор: Аян Бекжанұлы

Желдің жылдамдығы 30 м/с дейін жетеді

Фото: istockphoto.com

Астана мектептерінде 6 қараша күні ауа райының бұзылып, желдің күшеюіне байланысты сабақтардың ұзақтығы қысқарды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

«6 қарашада ауа райының нашарлауына байланысты (желдің жылдамдығы 30 м/с дейін артады) екінші ауысымның екінші сабағынан бастап сабақтар 30 минутқа дейін қысқарады. Сынып жетекшілері ата-аналарға оқушылардың тек ересектермен жіберілетіні туралы айту қажет», - деп хабарлады Астана қаласының білім басқармасы.

Желдің күшеюіне байланысты елордалық құтқарушылар азаматтарды қауіпсіздік шараларын сақтауға шақырды.

«Қазгидромет» РМК мәліметінше, 6-7 қарашада Астанада қатты жел соғады. Синоптиктер оңтүстік-батыстан 23-28 м/с, кейде 30 м/с дейін жел соғады деп болжайды.