Ақмола облысындағы референдум барысын мың жарымға жуық байқаушы бақылап отыр
Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов АЭС салу мәселесі бойынша референдумда «Көкшетау» мәдениет сарайы ғимаратында орналасқан №18 сайлау учаскесінде дауыс берді деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Ақмола облыстық референдум комиссиясының мәліметінше, облыс бойынша барлығы 786 референдум комиссиясы жұмыс істеп жатыр, оның ішінде Ақмола облысының аумақтық референдум комиссиясы бар. Оның жиырма қалалар мен аудандардың аумақтық референдум комиссиясы болса, 765 учаскелік референдум комиссиясы. Ондағы комиссия мүшесінің саны 4540 адамды құрайды, оның 147-сі аумақтық референдум комиссиясының және 4393-і учаскелік референдум комиссиясының мүшелері.
Бұдан бөлек Ақмола облысындағы референдум барысын мың жарымға жуық байқаушы бақылап отыр. Оның басым бөлігі партиялық емес ұйым өкілдері. Мәселен, облыстық әкелер одағының мүшелері саяси науқанға ерекше атсалысып жатыр. Ал одақ төрағасының сөзінше дауыс беру барысында әзірге ешқандай заңбұзушылық пен қателіктер анықталған жоқ.
Айта кетейік, референдум тәртіптеріне сай қаланың әрбір тұрғыны жеке дауыс береді. Бюллетень алу үшін өзіңізбен бірге жеке куәлік болуы қажет. Дауыс беру республикалық референдумға қатысу құқығы бар азаматтардың тізіміне сәйкес жүреді. Бұл тізімдер учаске аумағындағы тұрғылықты мекенжай бойынша тіркелген азаматтар негізінде әкімдіктер арқылы жасалған. Оған он сегіз жасқа толған, әрекетке қабілетті, сот үкімі бойынша бас бостандығынан айыру орындарында отырмаған Қазақстан азаматтары енгізіледі. Референдум нәтижесінде атом электр станциясын салуға қатысты шешім қабылданады.
Ақмола облысының тұрғындары өздерінің сайлау учаскесі туралы ақпаратты мына сервистер арқылы ала алады:
-https://izbirateli.akmo.kz/ ресми веб-сервисте;
- Telegram-дағы SailauAqmolaBot чат-бот арқылы;
- бірыңғай Call орталығынан 109 телефоны арқылы.