Жетісу облысында 30 жылдай жөнделмеген жол жасалды

Автор: Azattyq Rýhy

Бұл жол шалғайдағы ауылға апарады

Фото: gov.kz

Жетісу облысында шалғайдағы Көпбірлік ауылына апаратын жол жөнделіп болды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«Үштөбе – Алмалы – Көпбірлік» автомобиль жолының жалпы ұзындығы 176 км. Соның 137 шақырымы жөнделді. Облыс әкімі жөндеу жұмыстарының сапалы атқарылғанын атап өтіп, мердігер компания жұмысшыларына істі уақытылы аяқтағаны үшін ризашылығын жеткізді.

«Халықпен кездесу кезінде тұрғындар Көпбірлік ауылына баратын жолдың мәселесін көтерген болатын. Осыған байланысты жолды жөндеуге қатысты нақты шаралар қабылдадық. Қазір жол толық жөнделіп бітті. Бұл трассамен жүк көліктері көп жүрмейтіндіктен және жұмыс сапалы орындалғандықтан, жол кемінде он жыл қызмет етеді», — деді облыс әкімі Б. Исабаев. 

Ал облыстық жолаушы көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Ғалымжан Дәрібаев жол жөндеу жұмыстары туралы баяндады. 

«Өткен жылы жалпы ұзындығы 30 км болатын 5 км-ден 35 км-ге дейінгі учаске жөнделді. Бүгінде автотрассаның 40 шақырымына, яғни 90-147 шақырым учаскесіне асфальт төселді. Қазіргі кезде абаттандыру жұмыстары жүріп жатыр. Атап айтқанда, жол жиегі нығайтылып, белгілер орнатылып жатыр. Жұмыстар 10 қарашаға дейін бітеді. «Үштөбе – Алмалы – Көпбірлік» жолының барлық аталған учаскелеріне асфальт төселді. Жобаның құны 4,9 млрд. теңгеден асады», - деді ол.