$ 514.65  544.6  5.17
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

«Ақмола облысына бір жылда 1 млн 200 мыңнан аса турист келеді»: өңірде экотуризм қалай дамып жатыр?

Ақмола облысы туризм басқармасының басшысы Андрей Подгурский табиғатты сақтаудың басты талабы – экологиялық сананы дамыту дейді 

«Ақмола облысына бір жылда 1 млн 200 мыңнан аса турист келеді»: өңірде экотуризм қалай дамып жатыр?
Фото: istockphoto.com

Қазақстандағы экологиялық туризмнің танымалдығы кейінгі жылдары айтарлықтай артты. Экологиялық туризмді дамытуға бағытталған мемлекеттік бағдарламалар мен жергілікті бастамалар көтеріліп, іске асып жатыр. Мысалы, 2020-2025 жылдарға арналған «Экологиялық туризмді дамыту» мемлекеттік бағдарламасы осы салада жүйелі жұмыс жүргізуге мүмкіндік береді. Экологиялық туризм таза табиғат орындарымен танысуды ғана емес, сонымен бірге оларды қорғауды да қарастырады. Қазақстанның экотуризмді дамыту үшін елеулі әлеуеті бар, өйткені оның орасан зор қорық аумақтары бар. Олардың көпшілігі отандық және шетелдік туристер үшін танымал орынға айналды. Биыл 19 маусымда мемлекет басшысының өткізген туризмді дамыту туралы кеңесінде экология мәселесіне тоқталып, азаматтардың экологиялық сауатын көтеру қажет екенін еске салған. Президент «кез келген азамат табиғатта емін-еркін демалуы үшін барлық жағдай жасалуы қажет. Турист қай жерге тұрақтап, қай жерде от жағуға рұқсат етілгенін білуі керек. Сондықтан демалыс орындарында осындай лайықты инфрақұрылым болуы қажет» деген еді. Осы орайда Azattyq Rýhy тілшісі Ақмола облысы туризм басқармасының басшысы Андрей Подгурскиймен сөйлесіп, тұмса табиғаты көз тартар, тарихи және мәдени ескерткіштерге бай Ақмола өңірінде экологиялық туризм саласы қалай дамып жатқаны жөнінде әңгіме өрбітті. Облыс аумағында Щучье-Бурабай, Зеренді курорттық аймақтары, Қорғалжың биосфералық резерваты және Астана маңындағы көрікті жерлер орналасқан.

– Андрей Иванович, Ақмола облысы сұлу табиғатымен танымал мекен. Айнадай көлдері, ну орманы, тылсым тауларымен көз тартар өңірге ағылатын туристердің саны да аз емес. Ақмолаға келген қонақтар көбіне қандай көрікті мекендерді көруге асығады?

– Бұл аймақта туризм саласына айқын басымдық берілген. Ақмола облысында жиырма аудан бар, оның ішінде тоғыз ауданда туризмді дамытуға ерекше назар аударылады. Аймақтағы қазіргі уақытта ең танымал екі курортты зона - «Щучье-Бурабай» мен «Зеренді». Бұл екеуіне өзіміздің жерлестер мен шетелдік қонақтардың ағыны тоқтаған емес. Ақмола облысына бір жыл ішінде 1 млн 200 мыңнан аса демалушы келеді. Олардың көбі осы «Щучье-Бурабай» мен «Зеренді» курорттарына тұрақтайды. 

– Туристердің саны артқан сайын табиғи қорықтар мен ұлттық парктерді қорғау, қоршаған ортаны барынша таза күйінде сақтау мәселесі күшейе түседі. Осы бағытта қандай шаруалар атқарылды?

– Экологиялық туризм қазіргі күні өзекті тақырыпқа айналған. Мемлекет басшысы биыл маусымда өткізген туризмді дамыту жөніндегі кеңесте экологияға зиян келтірмей отырып, туризмді дамытуымыз керек деп атап өткен болатын. Сондықтан аймақтағы басты курортты орын Бурабайды күтіп-баптауға жыл сайынғы бюджетті арттырып келеміз. Курорттық аймақта туристік инфрақұрылымдарды, мысалы, экологиялық соқпақ жолдар, бақылау пунктері мен демалыс аймақтарын жаңарту бойынша жұмыстар жүргізілуде. Әкімдік тарапынан қосымша қоқыс жәшіктері, контейнерлер қойылып жатыр. Жазғы уақытта, яғни туристер маусымында тазалау жұмыстары күшейтіледі. Мысалы, әдетте курорттың аумағы күніне үш рет тазаланса, қонақтар маусымы басталғанда демалыс, мереке күндерін қоса алғанда 6-7 рет жиналады. Осы аумаққа кіретін Бурабай ұлттық саябағына келсек, оған да қосымша қоқыс тастайтын жәшіктер қойылып, парк аумағында тыйым салынған әрекеттерді түсіндіріп, көрсететін тақтайшалар орнатылған.

Бурабайдағы табиғи қорықтарды қорғау мен сақтау шаралары күшейтілуде, бұл экотуризмнің тұрақты дамуына ықпал етеді. Биыл екі қоқыс жинайтын машина алынды. Саябақтың ішін аралап жүріп қоқысты алып кетеді. Мониторинг топтары тазалықты тексеріп, тәртіпті үнемі бақылап жүреді. Зеренді курорттық аймағында да дәл осындай жұмыстар жүргізіледі. Бұл шараларға әкімдік тарапы да ұлттық саябақ тарапы да араласады. Зерендіге бюджет Бурабайдағыдан аз бөлінсе де, бұл жақта жаз уақытында, мейрам кезінде тазалық жұмыстары күшейтіліп, жаяу жүргіншілер мен велосипед жолдары абаттандырылады. Экологияны сақтаудың басты талабы – қоршаған ортаны қоқыстан дер кезінде тазалап отыруға жағдай жасау. Сонымен бірге экологиялық сананы дамыту. Келген туристерді тазалық сақтауға шақыру, сол туралы бейнероликтер көрсету, материалдар шығару арқылы экологияның маңызын түсіндіріп отыру керек. Мәселен, біздің Көкшетауға отбасымен дамылуға келген адамдар артынан қоқыс тастамай алып шықса, қажетті жерге апарса дейміз.

Бүгінгі таңда «Щучье-Бурабай,» мен «Зеренді» демалыс аймақтарындағы көлік логистикасы қанағаттанарлық жағдайда деп сенімді айта аламын. Саябаққа кірер жолдар, ауыл ішіндегі жолдар, курорт ішіндегі жолдардың бәрі жақсы жағдайда. Ауданның 80-90 пайызға дейін жол төсемі жөнделді. Астанадан келетін негізгі туристер ағыны жүріп өтетін автобан өте сапалы деңгейде салынған. Биыл 30 шақырым жол жөнделді. Жалпы алғанда Ақмола облысындағы курортты орындарға әкелетін тас жолдардың мәселесі шешілген десек артық айтқандық емес.

– Қазіргі таңда экологиялық туризм бағытында шетелдік ұйымдармен келіссөздер жасадыңыздар ма? Қандай нәтиже бар?

Экологиялық туризмді дамыту бойынша халықаралық тәжірибе алмасу, шетелдік мамандармен бірлескен жобаларды іске асыру ойымызда бар. Жұмыс жүргізіліп жатыр. Әлемдік туристік ұйыммен бірігіп, үш бағытта жобаларды іске асырғымыз келеді:

Біріншісі, шетелдік мамандар мен өз мамандарымыздың көмегімен Бурабай курортын дамыту жоспарын құру;

Екіншісі, қонақ үй қызметкерлерін, демалыс орындарының қызметкерлерін оқытуға мамандар шақыру. Бұл экологиялық туризмді дамытуда маңызды қадам деп есептейміз.

Үшіншісі, экологиялық жоба. Дәл қазір нақты мына жоба іске асты деп айта алмаймыз, бірақ алдағы жылдарда жоспарларды орындай бастаймыз деп ойлаймын. Біз экологиялық туризмді жақсы жолға қойған елдердің тәжірибесін зерттеп көрдік. Канада, Австрия туристерді қызықтырып отырған елдер, соған сай экологиялық туризмді мықты қолға алған. Осы бағытта тиімді стратегиялар мен бағдарламаларды қолданып келеді. Мәселен, Канадада көптеген ұлттық парктер мен табиғи қорықтарды көруге келген туристерге экологиялық таза маршруттар мен қызметтер ұсынылады, жергілікті халық экотуризм жобаларына белсенді қатысады, экотуризмді дамыту үшін жаңа технологиялар мен инновациялық шешімдер қолданылады. Біз де соларға жетуге тырысып бағамыз, үйренеміз, дегенмен бәрі қаражатқа келіп тіреледі. Өзімізге сол деңгейге жетуге талап қойып, Ақмола облысына демалуға келген қонақтарға тиісті жағдай жасап келеміз.

– Ақмола облысында су көздері көп, олар қалай қорғалып жатыр?

– Ақмола облысында орман массиві көп, тек осы өңірдің өзінде 3 ұлттық саябақ: Бурабай, Көкшетау, Бұйратау және Қорғалжың мемлекеттік табиғи қорығы орналасқан. Бурабай ұлттық паркінің аумағында Әулиекөл, Шортанды, Үлкен және Кіші Шабақты сияқты 14 көл бар, Көкшетау ұлттық саябағының аумағында тектоникалық Зеренді көлі бар. Қорғалжың қорығында 123 үлкенді-кішілі көлдер бар. Мәселен, құрылғанына үш-ақ жыл болған, жас қала Қосшының маңайы әсем табиғатымен ерекше, экологиялық таза су қоймалары бар. Бұл экотуризмді дамыту үшін жақсы мүмкіндік дер едім. Дегенмен, арнайы экотуризм инфрақұрылымы әзірге толық қалыптасып үлгірмеді. Болашақта қолға алынатынына сенемін.

Экологиялық тұрғыдан айтсақ, біздің курорттардағы өзен-көлдердің басым бөлігі пайдалануға жарамды: шомылуға, балығын аулап жеуге болады. Жыл сайын жаз уақытында шомылуға арналған су тоғандарынан сынақ алынып, санитарлық-эпидемиологиялық экспертиза жасалады. Адам факторынан, әрине, ластану болады. Жоғарыда айтып өткенімдей, миллионнан астам халық келіп жатқан соң, қоқыс тастайтындар кездеседі. Қоқыстар су тоғандарына түсіп, бүлдіреді. Қазір Бурабай курорттық аймағының экологиялық жағдайын жақсарту және табиғатты қорғау шараларын нығайту мақсатында экологиялық экспертиза жасалып жатыр. Оның қорытындысы 2025 жылдың бірінші тоқсанында шығады. Зерттеу «туристердің Бурабайдың экологиясына тигізіп жатқан қандай әсері бар» деген сұраққа жауап бермек. Соның нәтижесіне қарай жұмыс істеуді жалғастырамыз.

– Ақмола облысындағы туризмді дамытудың алдағы жылдардағы жоспарын бөліссеңіз.

– Бурабай курорттық аймағында туризмді дамытудың 2024-2029 жылдарға арналған кешенді жоспары әзірленген. Онда жаңа туристік нысандар мен инфрақұрылымды құруға басты назар аударылып отыр. Бұл өңір келбетін елеулі өзгертіп, демалыс орнының өсуіне септігін тигізбек. Осы орайда 150-ге жуық іс-шараны өткізу көзделген.

Бурабай курорттық аймағында жетіспейтін инфрақұрылымның құрылысы аяқталады. Оның ішінде нөсерлі кәріз, инженерлік желілер және тазарту құрылыстарын қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілмек.

Қотыркөл зонасын, Ақбурада балалар демалысы зонасын ашу жұмыстары Бурабайдың көркейе түсуіне ықпал етпек. Ақбурада қонақ үйлер мен ойын-сауық сегментін жасау жоспарлануда. Жүкей өзенін агро және экотуризмге бағыттауды қолға алмақпыз. Бұл алдағы бес жылға арналған ауқымды жобалар. Сонымен қатар біз «Щучье-Бурабай» атауына ребрендинг жасап, тек қана Бурабай деп қалдырмақпыз. Тілге жеңіл, есте тез сақталатын атау. Туристер санын 1 жарым миллонға жеткізу, соның ішінде бүгінде тек 20-25 мыңға жуық келетін шетелдік туристердің санын 100 мыңға жеткізуді мақсат тұтып отырмыз. Соған сай, жылына курорттық аймаққа бөлінетін 12 миллиард теңгені 22-23 миллиардқа дейін ұлғайтуды көздейміз.

Осы ретте айта кету керек, Ақмола облысындағы шағын қалалар мен ауылдардағы экотуризмді дамыту өте маңызды екенін атап өткен жөн. Шетелдік туристерді халқымыздың ұлттық дәстүрімен таныстыру мақсатында мәдениет пен қолөнер бұйымдарын пайдалануға болады. Мысалы, Қосшы қаласының тұрғындары, сондай-ақ Ақмола облысы ауылдарының халқы ұлттық дәстүр мен қолөнерді сақтап келеді. Қолөнер бұйымдарын, ұлттық тағамдарды, дәстүрлі киімдер мен музыканы таныстыру арқылы экотуризмді дамытуға әбден болады.

Серіктес жаңалықтары