$ 538.57  629.48  6.71
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Ақмола облысында зейнеткер алаяқтарға 10 млн теңге аударып жіберді

Зейнеткер 1414 нөмірі арқылы келген кодты алаяқтарға айтып қойған

Ақмола облысында зейнеткер алаяқтарға 10 млн теңге аударып жіберді
Фото: istockphoto.com

Ақмола облысында Бұланды ауданының тұрғыны алаяқтардың құрбаны болды. Олар шетелден сәлемдеме аласыз деген желеумен қомақты ақшаны алып үлгерген. Бұл туралы Azattyq Rýhy агенттігі Polisia.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.

Зейнеткер әйелге алаяқтар белгісіз нөмірмен қоңырау шалған. Телефонның арғы жағынан зейнеткердің толық мәліметтері мен мекенжайын айтты. Содан кейін ол әйелге шетелден сәлемдеме келетінін, ол үшін 1414 нөмірінен алынған растау кодын беру керектігін айтты.

«Әйел бұл алаяқтықтың басы екенін білмей, кодты айтып қойған. Артынша оған басқа нөмірден қоңырау шалып, өзін банктің қауіпсіздік қызметкерімін деп таныстырып, алаяқтар одан бірнеше несие алмақ болып жатқанын айтты», - деп хабарлады ІІМ.

Содан кейін әйел адамды жалған несие бөлімінің маманымен байланыстырады. Жәбірленушінің күмәніне қарамастан, алаяқтар әйелге қауіп төніп тұрғанын айтып сеніміне кіреді. Олар оның барлық әрекетін видеоформатта жазып алу үшін екінші телефонды қосуды ұсынады.

«Олардың нұсқауымен ауыл тұрғыны видеобайланыс арқылы бірнеше банктен өтініш жүктеп алып, тексеруден өткен. Олардың гипноздық ықпалында және тікелей бақылауында бола отырып, күндіз түрлі банктерден жалпы сомасы 10 миллион теңге несие алып, алаяқтарға аударып жіберген. Мұның бәрі қысым мен айла-шарғы арқылы болды. Алаяқтар ойлануға мүмкіндік бермей, жәбірленушіні тез әрекет етуге мәжбүрледі», - деп хабарлады полиция.

Артынша алаяқтар жұмыс күні біткенін айтып, байланысты үзген.

«Полиция белгісіз қоңырауларға сенбеуге шақырады. Егер сізге белгісіз нөмірден қоңырау шалып, жеке ақпаратты немесе кодтарды сұраса, сөйлесуді дереу тоқтатып, ақпаратты өзіңіз тексергеніңіз жөн. Сізге банктік шоттарыңыздағы күдікті әрекеттер туралы хабарланса, банктің ресми нөміріне қоңырау шалып, ақпаратты нақтылаңыз», - деп ескертеді полиция.

Сондай-ақ, олар қысым астында қолданбаларды ешқашан жүктеп алмауыңызды немесе бейтаныс адамдарға телефоныңыз арқылы қимыл-қозғалысыыңызды бақылауға мүмкіндік жасамауды сұрайды.

Серіктес жаңалықтары