Түркістан облысының тұрғыны қорасында жоқ ірі қара үшін 203 млн теңге субсидия алған
Субсидияны жымқыру схемасы анықталды
Түркістан облысында мал шаруашылығын дамытуға субсидия ретінде бөлінген 200 млн теңгеден астам қаржыны жымқыру жолы анықталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Сауран ауданының тұрғыны «О» деген азамат 20 тұлғаның электронды цифрлық қолтаңбасын пайдаланып жалған мәліметтерді көрсетіп, үш жыл ішінде иеліктерінде шын мәнінде жоқ ірі қара малдарға мемлекеттен субсидия ретінде 203 млн теңге алған.
Аталған азаматтың заңсыз іс-әрекетінің нәтижесінде мемлекетке елеулі залал келтірілген.
«Облыс прокуратурасы қаражатты жымқыру фактісі бойынша құжаттарды СДТБТ-ге тіркеп (Қылмыстық кодекстің 189-бабы 4-тармағы «Сенiп тапсырылған бөтен мүлiктi иемденiп алу немесе талан-таражға салу») сотқа дейінгі тергеп-тексеру арнайы прокурорларға (облыс прокуратурасының қылмыстық қудалау басқармасы) жүктелген.
Күдікті 2 ай мерзімге қамауға алынды», - делінген облыстық прокуратураның хабарламасында.