Бишімбаевтың үкімін жеңілдету үшін 100 млн теңге алған әйел 10 жылға сотталды

Автор: Azattyq Rýhy

Прокурор соттан 11 жыл беруді сұрады

Фото: Жоғарғы сот

Астанада экс-министр Қуандық Бишімбаевтың үкімін жеңілдету үшін өз қызметін 100 миллион теңгеге ұсынған әйел сотталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты алқабилердің қатысуымен алаяқтық жасауға оқталды және аса ірі мөлшерде пара беруге итермеледі (ҚК 24-бабының 3-бөлігі – 190-бабы 4-бөлігінің 2) тармағы, 28-бабының 4-бөлігі – 367-бабының 4-бөлігі) деп айыпталған Г.-ға қатысты үкім шығарды.

«Г. 2024 жылдың мамыр айында Н.-ның аса ірі мөлшерде ақшасын иемдену мақсатында үйіне келіп, ұлы Б.-ға қатысты үкімді жеңілдету үшін пара ретінде апелляциялық сатыға беру үшін оған 100 млн теңге беру керек екенін хабарлады.

Әрі қарай, сол күні кешке ол Н.-ға келіп, кезекті әңгіме барысында апелляциялық сатыға пара беруге итермелеуді жалғастыра отырып, оларды лауазымды тұлғаларға беру сылтауымен, бірақ оны орындау ниетінсіз 100 млн теңге сомасында ақшалай қаражатын иемденді. Алайда, сотталушы Н.-ның ақшалай қаражатын алдау жолымен ұрлау жөніндегі әрекеттері оған тәуелсіз мән-жайлар бойынша, яғни сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет мамандарының қылмыстық әрекетті әшкерелеуіне байланысты соңына дейін жеткізілген жоқ.

Сотталушының кінәсі куәгерлердің айғақтарымен, сараптамалардың қорытындыларымен, жасырын тергеу әрекеттерінің нәтижелерімен, бейнежазбамен және қылмыстық іс бойынша басқа да материалдармен дәлелденді», - делінген қалалық соттың хабарламасында.

Сотта прокурор айыпты қолдап, 11 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұрады.

Сотталушы кінәсін мойындаған жоқ, ал қорғаушы тарап сотталушыны ақтауды сұрады.

ҚК-нің 190-бабы 4-бөлігінің санкциясы 5 жылдан 10 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі негізгі жазаны, ал ҚК-нің 367-бабы 4-бөлігінің санкциясы 10 жылдан 15 жылға дейін бас бостандығынан айыруды көздейді.

Сотталушының жас балаларының болуын сот қылмыстық жауаптылық пен жазаны жеңілдететін мән-жай деп таныды. Ауырлататын мән-жайлар анықталған жоқ.

«Жасалған сыбайлас жемқорлық қылмыстың және мүлікке қарсы қылмыстың ауырлығын, жасалған қылмыстың мән-жайын назарға ала отырып, сот алқабилердің қатысуымен осы баптар шегінде сотталушыға бас бостандығынан айыру түріндегі жаза тағайындау қажеттілігі туралы қорытындыға келді.

Сот үкімімен алқабилер сотымен Г. ҚК 24-бабының 3-бөлігі – 190-бабы 4-бөлігінің 2) тармағы, 28-бабының 4-бөлігі – 367-бабының 4-бөлігінде көзделген қылмыстық құқық бұзушылықтар жасағаны үшін кінәлі деп танылып, қылмыстар жиынтығы бойынша (ҚК-нің 58-бабы) 10 жылға бас бостандығынан айыруға сотталды», - деп жазады Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты.

Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.