«Өз бетімен емделген» – Нұр-Сұлтанда қайтыс болған екі науқас жайлы не белгілі

Автор: Azattyq Rýhy

Кеше елордада коронавирус дертінен екі азамат қайтыс болған

Фото: ашық дереккөзден

Кеше астанада коронавирус инфекциясынан екі азамат көз жұмған. Бірінші науқас 1958 жылы туған Қазақстан азаматы. Ол 10 күндей үйінде өздігінен ем қабылдаған. Бұл жайлы Нұр-Сұлтан қаласы қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сәуле Қисықова мәлімдеді.

«31 наурыз күні жағдайы ауырлағанда жедел жәрдем арқылы жұқпалы аурухананың жан сақтау бөліміне жатқызылып, жасанды өкпе желдету аппаратына қосылған. Жағдайының ауырлығына байланысты 18 сәуірде республикалық қарқынды терапия орталығына ауыстырылды. Жүргізілген реанимациялық іс-шараларға қарамастан, азаматша 13 мамырда қайтыс болды»,- деді бұл туралы С.Қисықова.

Бұған дейін БАҚ әйелдің зейнет жасында екеніне қарамастан, дәрігер болып жұмыс істегені туралы жазды.

Екінші науқас 1977 жылы туған. Ол отбасындағы коронавирус жұқтырған туысымен қарым-қатынаста болған.

«4 күн үй карантинінде болды. 17 сәуірде жедел-жәрдем қызметі арқылы жұқпалы ауруханаға келіп түсті. Емдеу хаттамасына сәйкес ем жүргізілді. Алайда, жағдайы ауырлап, 22 сәуірде жансақтау бөліміне ауыстырылды. Науқас соңғы екі жылда қосымша аурулар бойынша емханада тіркеуде болған. 13 наурызда қарқынды  терапияға қарамастан қайтыс болды»,- деді дәрігер.

Қазір елордада коронавирус жұқтырып, анықталған  1073 адам бар. Оның 518-і жазылып, үй карантиніне шықты.

Абай Сейфулла, Нұр-Сұлтан