«Қазақ елін әлі де қуантамын»: Ризабек Айтмұхан әлем чемпионы атанғаннан кейін пікір білдірді

Автор: Аян Бекжанұлы

Ол өз карьерасында үш дүркін әлем чемпионы атанды

Фото: United world wrestling

Қазақстандық палуан Ризабек Айтмұхан Тиранада (Албания) жастар арасында әлем чемпионы атанғаннан кейін пікір білдірді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

20 жастағы отандасымыз карьерасында осымен үшінші рет әлем чемпионы атанып отыр.

«Мақсатымды орындадым деп ойлаймын. Бірақ мұнымен тоқтап қалмаймыз. Алда әлем, Азия чемпионаттары мен Олимпиада ойындары бар. Сол жарыстарға дайындалып, бар күш-жігерімді саламын. Осымен тоқтап қалмай, Қазақ елін әлі де қуантамын деп ойлаймын», - деді Ризабек Айтмұхан финалдағы жеңісінен кейін Qazsport арнасына берген сұқбатында.

Айта кетейік, 97 келіге дейінгі салмақта оған тең келер спортшы болған жоқ. Шешуші жекпе-жекте Ираннан келген Махди Морафа қарсы шығып, 11:6 есебімен жеңіске жетті.