Нұр-Сұлтан аспанын тұман торламау үшін бар күшімізді саламыз – вице-министр
Ахметжан Пірімқұлов астанада газдандыру жұмысының жүріп жатқанын айтты

Қазақстаннның Экология, геология жəне табиғи ресурстар вице-министрі Ахметжан Пірімқұлов жылу электр орталықтарының түтіні әсерінен қала көгінің тұмандану проблемасын шешу жолдары туралы айтты.
«Біз қоршаған ортаны қорғау саласындағы құзіретті орган ретінде Нұр-Сұлтанда адам тұншықтыратын тұман болмасы үшін барымызды саламыз. Қазір әкімдікпен бірлесіп газдандыру жұмысы жүріп жатыр. ЖЭО-ның бір бөлігін және жеке меншік сектор газға өтеді. Әрине, бір жылда бұл шаруаны шешу оңай емес. Дегенмен, газдандыру тұман мәселесін түбегейлі шешетініне үміттенеміз », - деді ол брифингте.
Оның сөзінше, қазір Алматы аспанындағы тұманнан құтылу үшін де бірқатар шаралар қолға алынуда.
«Алматы әкімдігімен қазір жол картасы жасалып жатыр. Сол арқылы ЖЭО-1 мен ЖЭО-2 газға көшеді немесе тазалау қондырғылары қойылады. Жасыл аумақтар кеңейеді. Қоғамдық көлікті газға ауыстыру мәселесі қаралады», - деді вице-министр бұл жайында.
Абай Сейфулла, Нұр-Сұлтан