«Астана» - «Ақтөбе» матчын көруге бара жатқан жанкүйерлер апатқа ұшырап, бір адам мерт болды

Автор: Azattyq Rýhy

Елордалық клуб ауруханаға түскен жанкүйерлеріне тез арада сауығып кетуіне тілектестік білдірді

Фото: instagram.com/fca.astana

«Астана» - «Ақтөбе» матчын тамашалау үшін Алматы қаласына бара жатқан жанкүйерлер мінген көлік жол апатына ұшырады. Апат салдарынан «Астана» клубының жанкүйері мерт болды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

«Астана» футбол клубы таратқан мәліметке қарағанда, елордалық клуб жанкүйері Нұрлан Ауғанбай ауыр жарақат алып, көз жұмған. Тағы үш жанкүйер түрлі дәрежедегі жарақаттармен ауруханада жатыр.

«Бүгін таңертең «Астана» футбол клубының үлкен отбасында қайғылы жағдай орын алды. Клубтың бір топ жанкүйері «Астана» - «Ақтөбе» матчы өтетін Алматы қаласына барар жолда жол-көлік оқиғасына тап болды. Елордалық клуб жанкүйері Нұрлан Ауғанбай ауыр жарақат алып, көз жұмды, ал үш жанкүйер түрлі дәрежедегі жарақаттармен ауруханада жатыр. «Астана» футбол клубы Нұрланның туыстары мен жақындарына орны толмас қайғысына ортақтасып, қабырғасы қайыса көңіл айтады. Ардақты азаматтан қапыда айырылып қалып, орны толмас өкініш өзегімізді өртейді. Нұрланның иманы саламат болсын! Жарқын бейнесі әрдайым жадымызда сақталады», - делінген ақпаратта.

Сондай-ақ, елордалық клуб ауруханаға түскен жанкүйерлеріне тез арада сауығып кетуіне тілектестік білдірді.