Қазақстан мен Корея энергетикадағы ынтымақтастықты нығайтпақ

Автор: Azattyq Rýhy

Корей тарапы АЭС салу мәселесі бойынша референдумның сәтті өтуімен құттықтады

Фото: Энергетика министрлігі

Қазақстан мен Корея энергетикадағы ынтымақтастықты кеңейтпек

Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев бастаған Қазақстан делегацияcы Корея Республикасына ресми сапармен барды. Бұл туралы министрліктің баспасөз қызметі мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy. 

Қазақстан Энергетика министрлігінің басшысы Кореяның ірі энергетикалық компанияларының өкілдерімен және мемлекеттік органдармен бірқатар кездесулер өткізді. 

Корея Республикасының Сауда, өнеркәсіп және энергетика министрі Ан Док Кын мырзаменкездесуде атом саласындағы ынтымақтастық мәселелері талқыланды. Кездесу барысында Корей тарапы АЭС салу мәселесі бойынша референдумның сәтті өтуімен құттықтап, Қазақстанда АЭС салу бойынша корей компанияларымен консультациялар өткізуге қолдау көрсетуге дайын екендігін білдірді.

Сонымен қатар сауда, өнеркәсіп және энергетика министрімен энергетика саласындағы, оның ішінде мұнай-газ саласындағы әріптестік қатынастарды және жаңартылатын энергия көздері саласындағы жобаларды кеңейту мүмкіндігі талқыланды. Сондай-ақ, Энергетика министрі «Doosan Enterbility», «Korea Hydro&Nuclear Power» (KHNP), «Korea Electric Power Corporation» (KEPCO), «Korea National Oil Corporation» (KNOC), «Samsung C&T» сияқты ірі корей компанияларының өкілдерімен келіссөздер жүргізді. 

Энергетика министрі корей компанияларының өкілдерімен олардың қазіргі уақытта Қазақстанда АЭС салу жобасын іске асырудың ықтимал үлгілерінің бірі ретінде зерттеліп жатқан халықаралық консорциумға қатысуы туралы әңгімелесті. А.Сәтқалиев бұл мәселе бойынша түпкілікті шешім 2025 жылы қабылданатынын атап өтті.

«Doosan Enterbility» компаниясының өкілдерімен келіссөздер қорытындысы бойынша Энергетика министрлігі мен «Doosan Enterbility» арасында өзара түсіністік туралы Меморандумға қол қойылды.

Құжат аясында тараптар жергілікті персоналды даярлай отырып, корей компаниясының энергетикалық жабдықтарын өндіру, сондай-ақ Астана қаласында зауыт өкілдігін ашу мүмкіндігін зерттейді.